Ошия 14
[1] Құдайына мойынсұнбай қарсы шыққандары үшін Самарияның халқы кінәларының кесірінен жазаланатын болады. Олар семсерден өледі. Жас балаларын жау жерге соғып өлтіріп, жүкті әйелдерінің іштерін жарады.
[2] Уа, Исраил халқы, өз Құдайың Жаратқан Иеге қайта орал! Осылай күйрегеніңе өз күнәларың себепші болды.
[3] Кінәларыңды мойындайтын сөздер айтып, Жаратқан Иеге қайтып келіңдер! Оған былай деңдер: — Барлық күнәларымызды кешіріп, бізді рақыммен қабылдай гөр! Саған аузымызбен мадақтау айтып, соны сый-тарту ретінде ұсынбақпыз.
[4] Ассур бізді құтқара алмайды, біз атқа мініп, өз күшімізге де сенім артпаймыз. Бұдан былай өз қолымызбен жасаған бұйымға: «Біздің тәңіріміз!» деп табынбаймыз. Сенен ғана, уа, Жаратқан Ие, жетімдер рақым табады.
[5] — Мен оларды опасыз мінездерінен сауықтырып, өз мейіріміме сәйкес жақсы көремін. Себебі оларға деген қаһарым қайтты.
[6] Мен Исраилді жерге түскен шықтай сергітетін боламын. Сонда Исраил лалагүлдей жайнайды, әрі Ливан тауындағы самырсын ағаштарындай тамырларын тереңге жібереді.
[7] Исраилдің жас өркендері кең жайылып өседі. Ол зәйтүн ағашындай көрікті, ал хош иісі Ливан самырсынының жұпарындай болады.
[8] Халқым қайтып келіп, саямда тыныстап, дәнді дақылдай бітік өсіп, жүзім бұтасындай гүлдейді. Сонда атағы жайылып, Ливан шарабындай кең танымал болады.
[9] Ефрем сонда: — Қойшы сол жалған тәңірлерді! — деп айтпақ. (Ал Мен мынадай жауап беремін:) — Мен сені естіп, назарымда ұстаймын. — Мен жайқалған арша ағашы сияқтымын. — Сенің жеміс беруің Менің жарылқауыммен.
[10] Кім бұларды ұғынатындай дана болады? Кімнің түсінігі бар болса, соларға көз жеткізеді. Жаратқан Иенің көрсеткен жолдары түзу, әділдер олармен жүретін болады, ал Иемізге қарсы бас көтергендер соларда сүрініп құлайды.