Ошия 13
[1] Өткен замандарда Ефрем тіл қатқанда адамдар қалтырап оның айбатынан сескенетін. Исраилде осы рудың мерейі үстем болатын. Бірақ кейін ол жалған тәңір Бағалға табынып кінәлі болды, мұның соңы өлімге апарып соқты.
[2] Ал енді олар күнәға бұрынғыдан бетер батып, өздеріне жалған тәңір мүсінін жасатып алды. Бұл мүсіндерді қолөнершілер шеберлікпен күмістен құйды. Осы жас бұқа мүсіндеріне арнап құрбандық шалғандарға: «Оларды өбіп сүйіңдер!» — дейді.
[3] Сондықтан олар тез сейілетін таңғы тұман не тез кебетін шық сияқты, әрі қырманнан жел айдап ұшыратын кебек не үйдің мұржасынан шығатын түтін сияқты лезде ғайып болады.
[4] Бірақ Мен сендерді Мысыр елінен алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иемін. Өзімнен басқа ештеңені Құдай деп танымаңдар! Менен өзге ешбір құтқарушы жоқ.
[5] Мен сендерге иен далада, қуаңшылық жайлаған елде қамқорлық жасадым.
[6] Халық жақсы жайылымға қоныстанғанда қарындары тоқ болды. Қарны тойынған кезде олар асқақтап, Мені естерінен шығарды.
[7] Сондықтан Мен оларға арыстан сияқты тап беріп, қабылан сияқты жүрер жолын аңдып, шабуыл жасаймын.
[8] Оларға қонжықтарынан айырылған ұрғашы аюдай бас саламын да, кеуделерін жарып тастаймын. Оларды арыстандай жалмап, жыртқыш аңдай жыртамын.
[9] «Өзіңді-өзің құрттың, уа, Исраил! Сен өзіңе көмек беретін Маған қарсысың!
[10] Сенің патшаң қайда екен? Ол сені күллі қалаларыңда құтқарып алсын! «Маған патша мен әміршілер бер!» деген едің. Енді сол билеушілерің қайда жүр?
[11] Сол себепті Мен ашуланып тұрып, сендерге бір патшаны тағайындадым. Ал кейін қаһарланып, оны сендерден алып тастадым.
[12] Ефрем халқының зұлым істері жинаулы тұр, олардың күнәларының бәрі де жазулы.
[13] Халық анасы толғақ азабын тарта бастаса да, құрсақтан шыққысы келмейтін түйсіксіз сәбиге ұқсайды.
[14] Мен оларды о дүниенің билігінен босатып, өлімнен құтқарып аламын ба? (Жоқ, солай істемеймін.) Өлім, қайда улы тісің? О дүние, қайда сенің жеңісің? Мен еш аяушылық көрсетпеймін».
[15] Ефрем бауырлас руларының арасында жайқалып өсіп-өнетін. Ал енді Жаратқан Ие шөл даладан шығыстың аптап желін жібереді. Сонда Ефремнің бұлағы құрғап, су көзі тартылып қалады. Ефрем қазына қоймасындағы құнды заттарының барлығынан айырылады.