Skip to content
Opens in a new window

[1] Мұнда Яһуда еліне Ұзиях, Жотам, Ахаз және Езекия, әрі Солтүстік Исраилге Жоғас ұлы Еробоғам патшалық құрған кезеңдерде Жаратқан Иенің Бегери ұлы Ошияға арнаған сөздері берілген.

[2] Жаратқан Ие хабарларын халыққа Ошия арқылы жеткізе бастағанда оған былай деді: «Барып, жеңіл жүрісті бір әйелді алып, оның жезөкшеліктен туған балаларын бауырыңа бас! Өйткені осы ел Жаратқан Иеге опасыздық жасап, азғындыққа салынып кетті!»

[3] Содан Ошия Диблаим қызы Гомерді әйелдікке алды. Ол жүкті болып, Ошияға бір ұл туып берді.

[4] Сонда Жаратқан Ие Ошияға тіл қатып былай деді: «Ұлыңның есімін Ізрел деп қой. Себебі тағы азғана уақыттан соң Мен Ехудің Ізрелде төккен қанына бола оның әулетіне назарымды аударып, оны жазалаймын және Солтүстік Исраилдің патшалығын құртып жоқ қыламын.

[5] Сол кезде Ізрел аңғарында Солтүстік Исраилдің әскери күшін сындырылған садақ іспетті жоямын!»

[6] Гомер қайтадан жүкті болып, қыз туды. Сонда Жаратқан Ие Ошияға тіл қатып былай деді: «Оның есімін Рақым-көрмеген» деп қой! Себебі бұдан былай Мен Солтүстік Исраилге рақым көрсетіп, оны кешіруімді доғарамын!

[7] Бірақ Яһуда еліне рақым көрсетіп, оны құтқарып қаламын. Алайда оларды құтқаратын шайқастағы садақ, семсер, атты әскер емес, Өзім — олардың Құдайлары Жаратқан Ие боламын.

[8] Қызы Рақым-көрмеген емшектен шығарылғаннан кейін Гомер тағы бір ұл туды.

[9] Сонда Жаратқан Ие Ошияға былай деді: «Соның есімін Халқым-емес деп қой! Себебі енді сендер халқым емессіңдер, Мен де сендердің Құдайларың емеспін!»

[10] Бірақ болашақта Исраил халқының саны теңіз жағалауындағы санаса сан жетпейтін құм түйіршіктеріндей қисапсыз көп болады. Оларға «халқым емессіңдер» делінген жердің өзінде олар енді «Мәңгі тірі Құдайдың рухани балалары» деп аталады.

[11] Яһуданың және Исраилдің адамдары тағы да бірігіп, өздеріне бір басшыны тағайындап алады. Олар (жер аударылған) елден қайтып келеді. Себебі (халық өз елін қайтадан қоныстанатын) «Ізрел күні» ұлы күн болады!

Ошия — Chapters