Ошия 11
[1] Исраилдің патшасы сол күнгі таңда мүлдем құриды!» «Исраил әлі де жас болғанда оны сүйетін едім, Мен рухани ұлымды Мысырдан шақырып алдым.
[2] Бірақ Мен халықты Өзіме неғұрлым шақырған сайын олар соғұрлым қасымнан алшақтай берді. Олар Бағалдың бейнелеріне арнап құрбандық шалып ұсынып, сол мүсіндердің құрметіне хош иісті заттарды түтетіп жүрді.
[3] Ал Ефремді қолынан жетелеп, аяғын тәй-тәй басып жүруді үйреткен Өзім болатынмын. Өздерін сауықтырған да Мен екенімді халық мойындағылары келмеді.
[4] Мен оларды ыңғайлы ноқтамен, сүйіспеншіліктің арқанымен жетелеп жүрдім. Мойынтұрықтарын мойындарынан шешіп алып тастап, оларды тамақтандыру үшін еңкейетін де едім.
[5] Маған қайта оралудан бас тартқан соң, халық енді Мысыр еліне қайта оралмай ма? Ассур оларға патшалық құрмай ма?
[6] Сол кезде олардың қалаларында семсерлер жарқылдап, қақпаларының ысырмаларын сындырады. Зұлым ой-ниеттері үшін оларды жалмап құртады.
[7] Өз халқым Менен теріс бұрылуға бейім. Олар (Бағалға) биіктеу жерлерде қаншама сиынғанмен, ол соларды (мүшкіл жағдайларынан) еш шығармайды».
[8] «Мен сені қалайша тастап кетемін, уа, Ефрем? Сені қалайша ұстап беремін, уа, Исраил? Мен сені қалайша Адмадай тастап, Себоимдей ойрандаймын? Жүрегімде ниетім өзгеріп, аяушылығым арта түсті.
[9] Сонда Мен лаулаған қаһарымды жүзеге асырмаймын, Ефремді қайтадан құртпаймын. Себебі Мен пенде емес, Құдаймын. Араларыңда тұратын Киелі Құдаймын. Сол кезде сендерге ашу-ызамен келмеймін.
[10] Халық Менің соңымнан еріп, Мен, Жаратқан Ие, арыстандай ақыратын боламын. Мен ақырғанда, балаларым батыс жақтан дірілдеп қайтып келеді.
[11] Олар Мысыр елінен құстай болып, Ассур елінен де көгершіндей болып дірілдеп қайтып келеді. Мен халқымды үйлеріне қайтадан орналастырамын!» — деп уәде береді Жаратқан Ие.
[12] Ефрем халқы мені жалған сөздермен қоршап, Исраил халқы өтірікпен қамап жатыр. Яһуда халқы әлі де Құдайдан, Киелі Жасаған Иеден, тайып өз бетімен жүр.