Ошия 5
[1] «Мынаны тыңдаңдар, уа, діни қызметкерлер! Құлақ салыңдар, уа, Исраилдің билеушілері, мұқият тыңдаңдар, патшаның әулеті! Сендерге үкім шығарылады. Өйткені Миспа мен Табордағы табыну орындарында халықты тұзақ пен торға түсірдіңдер.
[2] Бұл опасыздар азғындыққа әбден батты, енді Мен олардың бәріне тәлім беріп, жазаларын тартқызамын.
[3] Ефрем руын білемін, бүкіл Исраил халқы да Менен жасырын емес. Себебі сен, Ефрем, азғындыққа салынып кеттің, содан Исраилдің бәрі арамданды.
[4] Халықтың жасап жүрген зұлым істері өздерінің Құдайына қайтып келулеріне жол бермейді. Себебі оларды азғындықтың рухы билеп алды, әрі олар Жаратқан Иені мойындаған жоқ.
[5] Исраилдің асқақтығы оның өзіне қарсы куәлік етеді. Исраилдіктер, соның ішінде Ефрем руы, өз зұлым істерінен сүрініп құлайды. Яһуда халқы да олармен бірге сүрініп құлайды.
[6] Ұсақ және ірі қара малдарын айдап әкеліп, құрбандыққа шалып, Жаратқан Иеге қаншама дұға етсе де, Оны таба алмайды. Себебі Ол солардан алшақтап кетті.
[7] Олар некесіз балалар туғызып, Жаратқан Иеге опасыздық жасады. Енді әр айдың алғашқы күні орындайтын діни рәсімдері олардың өздерін жер үлестерімен қоса жалмап жеп қояды.
[8] Гибеяда керней тартып, Рамақта да дабыл қағыңдар! Бет-Әбенде: «Уа, Бунямин руы, саған ереміз!» деп атой салыңдар!
[9] Жазаланатын күні Ефремнің жері қаңырап бос қалады! Мен болашақта ешбір шүбәсіз болатын жайттарды Исраил руларының арасында жариялап отырмын.
[10] Яһуда билеушілерінің іс-әрекеттері жер үлестерінің межелерін құпия өзгерту сияқты сұмдық болып кетті. Сондықтан оларға қаһарымды тасқын судай жаудырамын.
[11] Ефремнің халқы түкке тұрмайтын «тәңірсымақтың» жолын қууды қалағандықтан сотталып, қатты қысым көріп күйзелуде.
[12] Сол себепті Мен Ефрем елін күйе сияқты, Яһуда елін көгертіп шіріткен зең сияқты құртамын.
[13] Ефрем өз ауруын, Яһуда да өз жарасын байқап қалғанда, Ефрем Ассур еліне бет бұрып, оның ұлы патшасына елшілерін жіберді. Бірақ ол сендерді сауықтырып, жараларыңды жаза алмайды.
[14] Себебі Мен Ефрем халқы үшін арыстан іспетті, Яһуда халқы үшін жас арыстан сияқты мейірімсіз боламын. Мен Өзім оларды паршалап жарып тастаймын да, орындарынан алып кетемін. Сонда оларды құтқаратын ешкімі болмайды.
[15] Олар ауыр кінәларын мойындап, алдыма келіп еркімді сұрамайынша, Мен көктегі орныма қайтып кетемін».