Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 5:23

[1] «Сорлы басым-ау! Бау-бақшаның өнімі түгелдей жиналып болғаннан кейін одан жеміс тапқысы келген кісідеймін. Онда тәбетімді басатын не жүзім шоғы, не ерте піскен інжір жемісінің бірде-біреуі қалмаған!

[2] Дәл сол сияқты, елде Құдайға адал ешкім қалмаған! Адамдардың арасында бірде-бір әділ адам қалған жоқ! Барлығы біреудің қанын төгуді аңдып жатады, әркім ағайынына тұзақ құрып қойған.

[3] Екі қолы да жамандықты істеуге шебер-ақ, әмірші сый-тарту дәметеді, төреші де жемқор, ал ұлық өз қалағанын иемденеді. Бәрі осылайша сөз байласып істі бұрмалайды.

[4] Олардың ең жақсысы тікенді бұтадай, ең әділдеуі қаулап өскен тікенекті қоршаудай. Бірақ олардың күзетшілері — пайғамбарлары алдын ала айтып кеткен сот күні таяп қалды. Сонда олар абыржып, не істерін білмейді.

[5] Бұдан былай көршіңе де сенбе, досыңа да сенім артпа! Тіпті қойныңдағы өз әйеліңе де айтатын сөздеріңе сақ бол!

[6] Өйткені өз ұлы әкесін масқаралап, қызы шешесіне, келіні енесіне қарсы шығады. Адамның дұшпаны өз үй іші болады.

[7] Ал мен Жаратқан Иеге үмітпен қараймын. Өзімді құтқаратын Құдайдың көмек көрсетуін күтемін. Айтқан дұғаларым Құдайымның құлағына жетеді».

[8] «Мені табалама, дұшпаным! Құласам да, қайта тұрамын! Қазір түнекте отырсам да, Жаратқан Ие жарық нұрым болады! — дейді Иерусалим. —

[9] Мен Жаратқан Иеге қарсы күнә жасағандықтан Оның қаһарына ұшыраймын. Бірақ кейін Ол мүддемді қорғап, мені ақтайды. Сонда Ол мені нұрға алып шығады, Оның әділ істерін көремін!

[10] Сонда дұшпандарым да мұны көреді. Мені: «Құдайың Жаратқан Ие енді қайда?» деп табалаған олар масқараға батады. Жаулардың құлдырағанын өз көзіммен көремін, олар көшелерде батпақ сияқты тапталатын болады».

[11] «Сенің қабырғаларыңды қайтадан тұрғызатын, шекараларыңды кеңейтетін күн де туады!

[12] Сол кезде жұрт саған Ассурдан және Мысырдың қалаларынан, иә, Мысыр мен Евфрат өзенінің аралығынан, батыс пен шығыстағы теңіздердің және таулардың араларынан келетін болады.

[13] Алайда жер өз тұрғындарының теріс істерінің кесірінен қаңырап бос қалады».

[14] «Халқыңды, өз үлесіңе тиген отарыңды, асатаяғыңмен бақ, уа, Ием. Олар ну орманда әрі құнарлы егістіктерде тұрады. Өткен замандағыдай, олар Башан мен Ғилақадтың жайлауларында оттасын».

[15] (Жаратқан Ие мынаны уәде етеді:) «Сенің Мысырдан көшіп шыққан кезіңдегідей, Мен саған Өзімнің кереметтерімді көрсетемін».

[16] «Басқа халықтар соны көріп, өздерінің шектеулі күш-қуатына ұялатын болады. Олар қолдарымен ауыздарын жауып үнсіз қалады, құлақтары керең болып мелшиіп тұрады.

[17] Сол дұшпандар жыландай, жерде бауырымен жорғалайтын мақұлықтай шаң-тозаң жалап, өз бекіністерінен діріл қағып шығатын болады. Уа, Құдайымыз Жаратқан Ие, олар Саған қорқынышпен бет бұрып, алдыңда үрейленіп, Сені терең қастерлейтін болады».

[18] «Өз меншікті халқын кінәсінен арылтатын әрі оның тірі қалғандарының теріс істерін кешіретін Сен сияқты қай Құдай бар? Сен мәңгілікке қаһарланбайсың, қайта, берік мейірім көрсетуден рақат табасың.

[19] Сен бізге қайтадан рақымыңды көрсетесің. Әділетсіз істерімізді аяғыңмен таптап, күнәларымыздың бәрін де теңіздің тұңғиығына тастайсың!

[20] Ежелгі заманда ата-бабаларымызға уәде еткеніңдей, Сен Жақыптың үрім-бұтағына адалдық танытып, Ыбырайымның ұрпақтарына берік мейіріміңді көрсетесің».

Миха — Chapters