Миха 1
[1] Яһуда еліне Жотам, Ахаз және Езекияның патшалық құрған замандарында Жаратқан Ие морешеттік Михаға сөзін арнады. Көрген аяндарында Михаға ашылған хабарлар Самария мен Иерусалим туралы болды.
[2] «Уа, күллі халықтар, тыңдаңдар! Уа, жер мен онда тұратындардың барлығы, құлақ түріңдер! Жаратушы Тәңір Ие сендерге қарсы куәлік келтіреді. Ол Өзінің (көктегі) киелі үйінен сендерді әшкерелеп, айыптайды».
[3] «Қараңдар! Жаратқан Ие Өзінің көктегі тұрағынан шығып, төмен түсіп келіп, жердің биіктеу орындарын басып таптайды.
[4] Сонда таулар Оның табанының астында отқа еріген балауыздай балқып, аңғарлар қақ айырылады. Жартастар су іспетті тау баурайынан ылдилап ағып жатады.
[5] Бұның барлығы Жақыптың ұрпақтарының бас көтерулеріне әрі Исраил халқының жасаған күнәларына бола осылай болып отыр. Ал Жақыптың ұрпақтарының бас көтеруі қай жерден басталды? Ол Самария қаласынан басталды емес пе?! Сондай-ақ, Яһуданың жалған тәңірлерге табынатын биіктеу орны дегеніміз не? Сол Иерусалим емес пе?!»
[6] (Жаратқан Ие мынаны айтады:) «Сондықтан Мен Самария қаласын даладағы қираған үйіндіге, жүзімдік отырғызатын қаңыраған бос жерге айналдырамын! Оның қамалының тастарын сайға қарай домалатып құлатамын, іргетастарын жалаңаштап ашып тастаймын.
[7] Самарияның барлық тәңірлерінің мүсіндері қиратылып, соларға бағышталған сыйларының бәрі отқа өртеліп, ондағы алтын-күміс балқытылады. Осылай Мен оның бүкіл тәңірсымақтарын құртамын. Қала осы алтын-күмісін жезөкшеліктің ақысы ретінде жинағандықтан, олары (басқа жаққа әкетіліп) қайтадан жезөкшелік үшін төлем ретінде пайдаланылатын болады».
[8] (Миха былай деді:) «Сол себепті мен Самарияны жоқтап жылаймын, жалаң аяқ та жалаңаш жүретін боламын. Шибөрідей ұлып, жапалақтай қайғылы дыбыс шығарамын.
[9] Өйткені Самарияның жарасы жазылмайтындай ауыр, ол Яһудаға да жетті. Осы пәле халқымның қақпасына, тіпті Иерусалим қаласына да жетіп қалды.
[10] (Філістір еліндегі) Ғат қаласында мұны хабарламаңдар, еш жылап-сықтамаңдар! Бет-Офраның халқы, қайғырып топыраққа аунаңдар!
[11] Шафирдің тұрғындары, жалаңаштанып масқара болып, жер аударылып кетіңдер! (Яһудадағы) Сананда тұратындар қорқып далаға шықпайды. Бет-Еселдегілер: «Оның қорғауы сендерден алынып қойылды-ау!» — деп жоқтау айтады.
[12] Мароттың тұрғындары құтқарылуды тағатсыздана тосуда. Ал Жаратқан Ие апат жіберіп, ол тіпті Иерусалимнің қақпаларына жетіп қалды.
[13] Уа, Лахыштың тұрғындары, күймелеріңе аттарыңды жегіп, қашыңдар! Сион қаласының күнәға батуы сендердің кесірлеріңнен болды. Өйткені Солтүстік Исраилдің күнәсі (яғни жалған тәңірлерге табынушылығы) сендер арқылы тарады.
[14] Ал енді Морешет-Ғат қалашығына соңғы сый-тартуларыңды беріңдер! Ахзиб қаласы да Исраилдің патшаларының үміттерін ақтамай, қиратылып жоқ болады.
[15] Марешада тұратындар, мен тағы да сендерге қарсы жаулап алушыны жіберемін! Содан Исраилдің атақтылары Адулламға қашып барып, (ондағы үңгірлерде бас сауғалайды).
[16] Өздеріңе сондай сүйікті балаларыңды аза тұтып, шаштарыңды тақырлап алып тастаңдар! Бастарыңды тазқараның басындай қылып тақырлаңдар! Өйткені балаларың жер аударылып айдалып әкетіледі».