Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:47

[1] Зұлымдықты жоспарлап, төсек орындарында сұмдық істерді ойластырып жататындар қасіретке қалады! Таң ата олар соларын жүзеге асырады, өйткені бұған олардың құдіреті жетеді.

[2] Сондайлар басқаның егістіктеріне сұқтанып, тартып алады, үйлеріне сұқтанып, оларды да иемденіп алады. Олар адамды үй-жайынан, тіпті мұралық жерінен айырады.

[3] Сондықтан Жаратқан Ие мынаны айтады: «Біліп қойыңдар, Мен бұл халыққа апат жібермекпін! Сендер содан еш құтыла алмайсыңдар! Енді қайтып маңғаздана кеуде керіп жүрмейсіңдер, өйткені бұл қиын-қыстау кезең болады.

[4] Сол күні адамдар сендерді келемеждеп, бастарыңнан өткен ауыртпалық туралы мына қайғылы жырды айтатын болады: Ой, қасірет, біз құрыдық біржолата, Халқымның мұралық жері қолды болды! Құдай меншігімізді алып қойды да, Опасыз жаудың қолына бере салды!

[5] Сондықтан Жаратқан Иенің қауымында жерді қайтадан жеребемен бөлісіп үлестіргенде сендердің ешқайсыларың соған қатыспайсыңдар».

[6] Олардың пайғамбарлары: «Бізге бұл жайттар туралы пайғамбарлық сөз айтпаңдар! Олай істеуге болмайды! Бұндай масқара басымызға түсе қоймас!» — дейді.

[7] Уа, Жақыптың үрім-бұтағы: «Жаратқан Иенің төзімділігі таусылмайды. Ол сондай істер істемейді», — деп айтуға бола ма?! (Ал Жаратқан Ие мынаны айтады:) «Егер сендер түзу жолмен жүріп, істеген істерің әділ болса, Менің сөздерімді ізгі дер едіңдер.

[8] Ал енді халқым дұшпандай бас көтеріп отыр. Сендер жандарыңнан алаңсыз өтіп бара жатқан адамның киім-кешегін үстінен сыпырып алып, оны шайқастан келе жатқан адамдай алба-жұлба қыласыңдар.

[9] Сендер халқымның әйелдерін өздерінің жайлы үйлерінен қуып шығып, Мен оларға тапсырған меншікті жерін олардың балаларынан түпкілікті алып қоясыңдар.

[10] Тұрыңдар! Кетіңдер! Бұл елде бұдан былай аман-есен тұра алмайсыңдар. Өйткені жер арамдалып, енді қайтып қалпына келмейтіндей құртылды».

[11] Егер алдамшы пайғамбарсымақ келіп: «Сендерге шарап пен сыраның мол болатыны жайлы жақсы хабар айтамын!» десе, мына халыққа керегі — дәл сондай пайғамбар!

[12] «Мен сендерді сөзсіз жинап аламын, уа, Жақыптың үрім-бұтағы! Исраилдің тірі қалғандарын міндетті түрде бірге жинаймын. Оларды қойды қораға жинағандай әрі жайлаудың малға толатынындай жинап алып келемін. Сонда елің халықтың көптігінен у-шудан жаңғыратын болады.

[13] Олардың алдында көшбасшы жолды ашып жүріп отырады, осылай халық (өздерін тұтқында ұстап отырған жау қалаларының) қақпаларын бұзып шығады. Патшасы халқының алдарында жүріп, Жаратқан Ие оларды бастап алып шығады».

Миха — Chapters