Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:11

[1] Сонда мен былай дедім: «Тыңдаңдар, Жақыптың үрім-бұтағының басшылары — Исраил елінің билеушілері! Ақты қарадан ажырата білу сендердің міндеттерің емес пе?!

[2] Бірақ сендер жақсыны жек көріп, жаманды ұнатасыңдар, Менің халқымның терісін сыпырып, етін сүйектерінен тірідей жұлып аласыңдар!

[3] Сендер халқымның етін жалмап, терісін сыпырып, сүйектерін майдалап сындырасыңдар, оларды қазанға салатын еттей қылып, пісіріп, жеп қоясыңдар!»

[4] Кейін осы арамзалар Жаратқан Иеге жалбарына үн қататын болады, бірақ Ол жауап бермейді. Сол кезде Жаратқан Ие олардың істеген көптеген зұлымдықтарына бола солардан бет-жүзін жасырады.

[5] Жаратқан Ие халқымды теріс жолға адастырған пайғамбарлар жайлы мынаны айтады: «Егер біреу оларға тамақ беріп қарындарын тойдырса, олар соған амандық пен тыныштықты болжайды. Ал егер солай етпесе, онда сол пайғамбарсымақтар оларға қарсы соғыс ашылатынын болжайды.

[6] Сол үшін сендерді еш көрініс көрмейтін түн, еш сәуегейлік айтылмайтын қара түнек басады. Пайғамбарлардың күні батып, оларды күндіз қараңғылық жабады.

[7] Көріпкелдер ұятқа қалып, бал ашатын сәуегейлер масқара болады. Құдайдан еш жауап болмағандықтан, олардың барлығы ауыздарын жауып үндемейді».

[8] Ал мен құдіретке, Жаратқан Иенің Рухына кенелдім. Жақыптың ұрпақтары — Исраил халқының Таурат заңын бұзып күнә жасағандарын әшкерелеу үшін әділдік пен күш-қуатқа бөлендім.

[9] «Тыңдаңдар мынаны, уа, Жақыптың үрім-бұтағының басшылары — Исраил халқының билеушілері! Сендер әділдікті менсінбей, оны мүлдем бұрмалайсыңдар!

[10] Сендер Сион тауындағы қаланы қантөгіспен тұрғызып, Иерусалимді зұлымдықпен салдыңдар!» —

[11] Елдің басшылары пара алып үкім шығарады, оның діни қызметкерлері тәлім бергенде ақша талап етеді және пайғамбарлары айтқан хабарлары үшін ақы сұрайды. Бірақ сонда да олар: «Жаратқан Ие біздің арамызда ғой, басымызға ешбір пәле түспейді!» — деп Жаратқан Иеге арқа сүйейді екен!

[12] «Сондықтан сендердің кесірлеріңнен Сион тауы егістіктей соқамен жыртылады! Иерусалим тас үйіндіге айналады! Қазір ғибадатхана тұрған қырат ну орманды төбеге айналады!»

Миха — Chapters