Skip to content
Opens in a new window

[1] Бұл — Жаратқан Иенің Ниневи жайындағы ауыр хабары, елқостық Нақұм көрген көріністер туралы жазба.

[2] Жаратқан Ие — Өзінен басқа тәңірлеріңнің болуына еш төзбейтін әрі арам істің қарымтасын қайтаратын Құдай. Ол зұлымдықтарды жазалап, оларға ашуланады. Жаратқан Ие жауларына лайықты жазаларын тартқызып, дұшпандарының қылмыстарын есінен шығармайды.

[3] Жаратқан Ие қаһарлануға асықпайды, Оның құдіреті ерен зор. Ол айыптыны жазасыз қалдырмайды. Тәңір Иенің жүрген жолы құйын мен дауылдан өтеді, бұлттар Оның аяғының басқан шаңына ұқсайды.

[4] Жаратқан Ие теңізге тыйым салып, оны құрғатады, өзендерге бұйырғанда солардың барлығы кеуіп қалады, Башан мен Қармил тауларындағы жайылымдар күйіп кетеді, Ливанның қаулаған ормандары солып қурап қалады.

[5] Таулар Оның алдында сілкініп, төбелер балқып кетеді. Жер беті, бүкіл әлем және онда тұратындардың барлығы Оның алдында дірілдейді.

[6] Жаратқан Иенің ашуына кім шыдай алар екен? Оның лаулаған қаһарына кім төтеп бере алады? Оның ашу-ызасы от сияқты төгіліп, жартастар да Оның алдында талқандалып үгітіледі.

[7] Жаратқан Ие ізгі, басыңа қиындық түскен кезде Ол паналайтын қорғаның болады. Өзіне сенім артқандарды Ол жақыннан танып біледі.

[8] Бірақ жау қаласын Иеміз ғаламат топан сумен іргетасына дейін құртады, қара түнек Оның жауларын басады.

[9] Сендер Жаратқан Иеге қарсы не ұйымдастырмақсыңдар? Ол соларыңды біржола құртады. Осы пәле екінші рет бастарыңа түспейді.

[10] Оның жаулары тікенді бұтаға шырмалып, мас адамдай тәлтіректеп жүретін болады. Олар өртке жанған құрғақ сабандай мүлдем құрып кетеді.

[11] Жаратқан Иеге қарсы жамандық ойлап, зұлым іс жоспарлайтын біреу сенен шығып аттанды (уа, Ниневи).

[12] Жаратқан Ие мынаны айтады: «Олардың күші зор, саны өте көп болғанмен, ассурлықтар жойылып, құрып кетеді. Уа, халқым, Мен сені ауыр апатқа ұшыратқан едім, алайда қайтадан солай істемеймін.

[13] Мен енді Ассурдың салған мойынтұрығын иығыңнан алып тастап, кісендеріңді үзіп босатамын».

[14] Жаратқан Ие сен туралы мынадай бұйрық берді, уа, Ассур патшасы: «Сенің соңыңнан ұрпақ қалмай, атың өшеді. Тәңірсымақтарыңның ғибадатханаларындағы қашалған бейнелер мен құйылған мүсіндерді қиратамын. Мен қабіріңді ойрандатқызамын, себебі сен жек көрініштісің».

[15] Қараңдар, ізгі хабар жеткізуші біреу таудан асып келе жатыр! Ол тыныштықты жариялап: «Уа, Яһуда елі, мейрамдарыңды тойлап, Құдайға берген уәделеріңді орында! Сол сұмырайлар енді саған баса-көктеп кірмейтін болады! Қайта, олардың өздері толығымен құрып кетеді!» — деп паш етеді.

Нақұм — Chapters