Жүніс 4
[1] Алайда Жүніс бұған қатты ренжіп, ашуланды.
[2] Ол Жаратқан Иеге сиынып былай деді: — Уа, Ием, мен осылай болатынын елімде жүргенде-ақ айтпап па едім? Сондықтан да тездетіп Тарсиске қарай қаштым. Сенің рақымды да мейірбанды Құдай екеніңді білгенмін: Сен тез қаһарлана қоймайтын төзімдісің, берік сүйіспеншілігің шексіз зор. Пәле жіберемін деген райыңнан қайтуға да дайынсың.
[3] О, Жаратқан Ие, енді жанымды ала гөр. Маған тірі жүргенше, өлген артық. —
[4] Жаратқан Ие оған: — Сенің ренжіп, ашулануға қандай қақың бар? — деген сұрақ қойды.
[5] Ал Жүніс қаладан шығып, оның күншығыс жағындағы бір жерге барып отырды. Өзіне қарапайым күрке жасап, соның көлеңкесінде қаламен не болатынын көрмек болып күтті.
[6] Сонда Құдай Ие Жүніске саясы түсіп, оған әлдеқайда қолайлы болу үшін бір бұтаны өсіріп шығарды. Бұта Жүніске керемет ұнады.
[7] Бірақ Құдай келесі күні таң сәріде бұтаны кеміретін құрт жіберіп, содан бұта солып қалды.
[8] Күн көтерілгеннен кейін Құдай күншығыстан аңызақ жел соққызды. Басын күйдірген күннің аптабынан Жүніс әлсіреп қалды. Ол өлім тілеп: «Маған тірі жүргенше өлген артық!» — деп налыды.
[9] Құдай оған: — Бұтаға бола ренжіп, ашулануға қандай қақың бар? — деген сұрақ қойды. Жүніс: — Менің тіпті өлгенше ашулануға қақым бар, — дегенде,
[10] Жаратқан Ие оған былай деп жауап берді: — Сен осы бұтаны ешқандай өңдеп, өсірмедің. Ол бір түнде өсіп шығып, келесі түні жоқ болды. Солай болса да, бұтаға сенің жаның ашиды.
[11] Ал Ниневиде жақсы мен жаманды айыра алмайтын жүз жиырма мыңнан астам халық, сондай-ақ көптеген мал да бар. Ендеше осы үлкен қалаға қалайша Менің жаным ашымайды?!