[1] Мен қайтадан көз салып, осы өткінші дүниеде жасалған әр түрлі зорлық-зомбылықты көрдім. Жапа шеккен бейшаралар көз жастарын төгіп жыласа да, оларды жұбататын ешкім жоқ екен! Қанаушылары зор күш-қуатқа ие, ал қаналғандарға жаны ашып, қолдайтын ешкім де жоқ болды!
[2] Сондықтан мен өлгендердің жағдайы әлі де өмір сүріп жатқандарға қарағанда жақсырақ екен деп түйдім.
[3] Ал мүлдем өмір сүрмегеннің жағдайы екеуінікінен де артық екен, өйткені ол осы дүниеде жасалып жатқан зұлым істерді еш көрген емес.
[4] Сонымен қатар мен мына жайтқа көз жеткіздім: пенденің еңбек етіп жетістікке жетуінің барлығы да адамдар арасында көре алмаушылықты тудырады. Бұл да жел соңынан қуғандай бекершілік екен.
[5] «Ақымақ екі қолын қусырып, аштан өлер» дейді.
[6] Ал тыныштықпен алынған бір уыс дән жел соңынан қуғандай ауыр еңбекпен табылған екі уыстан артық.
[7] Мен қайтадан көз салып, осы өткінші дүниедегі тағы мынадай бекершілікті байқадым:
[8] Кей адам жалғыз басты, не баласы, не ағайыны жоқ болса да, қолда барын қанағат етпей, байлығын молайту үшін тынбай ауыр еңбек ете береді. Ал кейін ол өзінен: «Мен кім үшін ауыр еңбек етіп, өмірдің қызығынан ада қаламын?» — деп сұрайды. Бұл да бекершілік әрі жанға бататын жайт.
[9] «Біреу болғаннан екеу болған жақсы». Себебі бірігіп жұмыс істессе, содан көретін пайдалары игі болады.
[10] Біреуі құласа, жолдасы сүйеп, тұрғызады. Алайда құлағанда сүйеніш болатын ешкімі жоққа қандай қиын!
[11] Сондай-ақ, егер екеу болып жатса, түнде тоңбайды. Ал жалғыз адам қалай жылынады?
[12] Біреу жалғыз адамды жеңсе де, екі адам оған қарсы тұра алады. «Үш қабат жіп оңай үзілмес».
[13] Қарт болғанмен ақылсыз, әрі берген кеңесті тыңдамайтын патшадан гөрі, кедей де болса ақылды жас артық.
[14] Оның тіпті түрмеден шығып, патшалық билікке ие болуы да, немесе сол патшалықта кедейлікте туған болуы да мүмкін.
[15] Осы дүниенің барлық адамдарының патшаның орнын басайын деп жатқан жастың соңынан ілесіп жүргендерін көрдім.
[16] Оның билік жүргізген халқы сансыз көп болды. Бірақ та кейінгі ұрпақ оған да риза болмады. Әрине, бұл да жел соңынан қуғандай бекершілік екен.
[17] Құдайдың киелі үйіне барғанда абайлап жүр! Жақындап, Құдайдың айтқандарын құлақ түріп тыңдай бер! Бұл өздерінің жамандық істеп жүргендерін ұқпайтын ақымақтардың құрбандық шалғандарынан әлдеқайда жақсы.