[1] Құдай Әкеге және Иеміз Иса Мәсіхке сенушілердің Салониқадағы қауымына Пауыл, Сыйлас және Тімотеден дұғай сәлем. Құдай сендерге рақымын жаудырып, тыныштығын сыйлай көрсін!
[2] Сендерді Құдайға сиынғанда еске алып, бәрің үшін әрдайым шүкірлік айтамыз.
[3] Құдай Әкеміздің алдында сендердің Оған деген сеніммен игілікті іс істеп, сүйіспеншілікпен ауыр еңбек етіп және Иеміз Иса Мәсіхке табандылықпен үміт артып жүргендеріңді үнемі еске алып отырамыз.
[4] Құдай сүйген қымбатты бауырластар, Оның сендерді таңдап алғанын білеміз.
[5] Себебі біз сендерге Ізгі хабарды сөзбен ғана емес, құдіретпен, Киелі Рухпен және зор сеніммен де жеткіздік. Сендердің игіліктерің үшін араларыңда қалай әрекет еткенімізді өздерің білесіңдер.
[6] Ал сендер бізге және Иемізге еліктеп көп азапқа ұшырасаңдар да, Ізгі хабарды Киелі Рух сыйлаған қуанышпен қабылдадыңдар.
[7] Осылай Македония мен Ахая өлкелеріндегі сенушілердің барлығына үлгі болдыңдар.
[8] Иеміздің хабары сендерден Македония мен Ахаяға ғана тараған жоқ, Құдайға деген сенімдерің барлық жерде белгілі болғандықтан, бізге бұл туралы айтудың қажеті де жоқ.
[9] Себебі жұрт сендердің бізді қандай жылылықпен қабылдағандарың және жалған тәңірлерден бас тартып, Құдайға бет бұрғандарың туралы бір-біріне айнала әңгімелеп жатыр. Енді сендер тірі де шынайы Құдайға қызмет ете жүріп,
[10] Оның рухани Ұлы Исаның көктен түсуін күтудесіңдер. Құдай өлімнен қайта тірілткен Иса бізді келешектегі қаһарлы соттан құтқарып алады.