Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:11

[1] Қымбатты бауырластарымыз, болашақ уақыттар мен мезгілдер туралы сендерге жазудың қажеті жоқ.

[2] Иеміздің қайта оралатын күні ұрының түнде түсетініндей кенеттен келетінін өздерің анық білесіңдер.

[3] Жұрт «Бәрі тыныш, қауіпсіз» деп жүргенде, апат аяғы ауыр әйелдің толғағындай табан астынан болады. Сонда ешкім қашып құтыла алмайды.

[4] Бірақ сендер, бауырластарымыз, түнекте тұрмай, сол күні ұры түскендей қапыда қалмайсыңдар,

[5] бәрің де жарықта және күнде жүресіңдер ғой. Біз түндікі және түнектікі болмағандықтан,

[6] басқаларға ұқсап ұйықтап қалмай, сергек те салауатты жүрейік!

[7] Себебі ұйықтайтындар түнде ұйықтайды, ішетіндер түнде ішеді.

[8] Ал біз күндікі болғандықтан салауатты жүрейік, сеніміміз бен сүйіспеншілігімізді «сауыт қылып», мәңгілік құтқарылуға деген үмітімізді «дулыға етіп киейік!»

[9] Өйткені Құдай бізді Өзінің қаһарына ұшырауға емес, қайта, Иеміз Иса Мәсіх арқылы құтқарылуға тағайындады.

[10] Мәсіх қайтып келгенде тірі боламыз ба, әлде өлі боламыз ба, бәрібір, біздің Өзімен бірге тұруымыз үшін Ол жанын пида етті.

[11] Сондықтан бір-біріңді жігерлендіріп, сенімдеріңді бұрынғыша өзара нығайта беріңдер!

[12] Қымбатты бауырластар, сендерден сұрайтынымыз мынау: Иеміздің ізгі ісінде өздеріңе жетекшілік еткендерді сыйлаңдар. Олар араларыңда еңбек етіп, сендерге дұрыс жолды сілтеп жүр.

[13] Оларды айрықша құрметтеп, еңбектері үшін жақсы көріңдер. Өзара бейбіт, тату болыңдар!

[14] Бауырластар, сендерден тағы мынаны өтінеміз: жүгенсіз, бос жүргендерге ескерту жасаңдар, жасқаншақтарға жігер беріңдер, әлсіздерді қолдап, төзімділік танытыңдар!

[15] Ешкім жамандыққа жамандықпен қайтармасын, қайта, бір-біріңе де, басқаларға да жақсылық жасауға ұмтылыңдар!

[16] Әрдайым қуанып,

[17] Құдайға үздіксіз сиыныңдар,

[18] Оған барлық жағдайларда да алғыс айтыңдар! Иса Мәсіхтің жолымен жүруші сендерден Құдай осыны күтеді.

[19] Құдай Рухының іс-әрекетін тежемеңдер!

[20] Оның пайғамбарлық нұсқауларын менсінбей жүрмеңдер,

[21] алайда бәрін де тексеріп сынаңдар! Жақсысын ғана қабылдап, берік ұстаныңдар!

[22] Жамандықтың қай түрінен де аулақ жүріңдер!

[23] Тыныштықты сыйлайтын Құдай сендерді Өзіне толықтай бағышталдырып, қасиетті өмір сүргізсін. Иеміз Иса Мәсіх қайтып келгенде мінсіз болуларың үшін рухтарың мен жан-тәндерің кіршіксіз пәк сақталсын.

[24] Сендерді шақырған Құдай сенімді, Ол бұларды жүзеге асырады да.

[25] Қымбатты бауырластар, біз үшін Құдайға сиыныңдар!

[26] Бауырластардың бәріне шын жүректен сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, сәлемімізді жеткізіңдер!

[27] Осы хатты барлық бауырластарға да оқып беріңдер деп Иеміздің атынан тапсырамын.

[28] Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымын жаудыра көрсін. (Аумин.)

Салониқал. 1 — Chapters