[1] Сондықтан біз одан әрі шыдай алмай, Афинада жалғыз өзім қалайын деп шештік те,
[2] Тімоте бауырымызды сендерге жібердік. Ол — Мәсіхтің Ізгі хабарын тарату жөніндегі Құдайдың қызметшісі. Осы азаптар ешқайсыңды шайқалтпасын деп, Тімоте сендерді жігерлендіріп, сенімдеріңді нығайтпақ.
[3] Азап шегу маңдайымызға жазылғандығы өздеріңе мәлім.
[4] Қастарыңда жүрген кезімізде «Қуғынға ұшырайтын боламыз» деп алдын ала айттық қой. Міне, сол айтқанымыз келді, оны өздерің білесіңдер.
[5] Осыған бола мен одан әрі шыдай алмай Тімотені жіберіп, сенімдерің берік пе, әлде әзәзіл азғырып, бар еңбегіміз зая кетті ме, соны білгім келді.
[6] Қазір Тімоте сендерден келіп, сенімдерің мен сүйіспеншіліктерің туралы жақсы хабар әкелді. Сендердің бізді ұдайы жақсылықпен еске алып, көрсек деп сағынып жүргендеріңді айтты; біз де сендерді көрсек дейміз.
[7] Қымбатты бауырластар, сенімдеріңді берік ұстап жүр екенсіңдер. Бұл қиналып, қысылып отырған бізге жаңадан жігер берді.
[8] Енді рухымыз көтеріліп қалмақ, себебі сендердің Құдаймен байланыстарың тұрақты екен.
[9] Бізді өздеріңе қуантып қойған Құдайға қанша алғыс айтсақ та аздық қылады.
[10] Күні-түні Одан қайтадан сендермен көрістіріп, сенімдеріңнің жетіспейтін жақтарын толықтыруға мүмкіндік бере гөр деп құлшына өтінеміз.
[11] Осылай Құдай Әкеміздің Өзі және Иеміз Иса жолымызды сендерге бұра көрсін.
[12] Бір-біріңе және барлық адамдарға деген сүйіспеншіліктеріңді Иеміз біздің өздеріңе деген сүйіспеншілігіміз сияқты өсіріп, арттыра берсін.
[13] Осылай Ол көңілдеріңді орнықтыра көрсін. Содан сендер Иеміз Иса Мәсіх күллі қасиеттілерімен көктен түскенде, Құдай Әкеміздің алдында Оған толықтай бағышталған, мінсіз боласыңдар.