Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:32

[1] Қожайындар, қызметшілеріңді тиісті нәрселермен қамтамасыз етіп, әділ болыңдар! Өйткені көкте сендердің де Қожайындарыңның бар екенін білесіңдер.

[2] Әрдайым Құдайға сиынып, рухани сергек те шыдамды болып, шүкірлік ете беріңдер!

[3] Біз үшін де мінажат етіңдер: Құдай өз хабарын уағыздауымызға жол аша көрсін, осылай Мәсіх туралы құпияны жариялай алайық. Сол үшін де бұғауда отырмын.

[4] Менің тиісті түрде бұл хабарды ашық айта алуым үшін де Құдайға сиыныңдар.

[5] Қауымнан тыс адамдармен парасатты қарым-қатынас жасап, тиімді сәттерді пайдаланыңдар!

[6] Сөйлескенде ұдайы ниеттерің игі, сөздерің дәмді болсын, әрқайсысына қалай жауап беру керек екенін біліңдер.

[7] Адал көмекшім әрі Иемізге бірге қызмет етуші, сүйікті бауырласымыз Түхік сендерге мен туралы бәрін хабарламақ.

[8] Оны сол мақсатпен жіберіп отырмын, ол жағдайларыңның қалай екенін көріп, жүректеріңді жігерлендірмек.

[9] Онымен бірге сүйікті де адал бауырласымыз әрі сендердің жерлестерің — Онисым да барады. Бұл жердегі болып жатқан жағдайды Түхік екеуі сендерге толық айтып береді.

[10] Менімен бірге тұтқында отырған Арыстарқ, сондай-ақ Барнабаның жиен інісі Марқа сендерге сәлем жолдайды. Марқа жайлы ерекше нұсқау алдыңдар: ол сендерге барса, жылы қабылдаңдар!

[11] Иуст деп аталатын Иса да сәлем айтады. Яһудилердің ішіндегі осы үшеуі ғана Құдай Патшалығы үшін қызметтестерім болып жүр; бұлар маған нағыз жұбаныш.

[12] Мәсіх Исаның қызметшісі әрі сендердің жерлестерің — Епафрас та сәлем айтып отыр. Ол сендердің рухани жағынан жетіліп, берік сеніммен Құдайдың бүкіл еркін орындауларың үшін үздіксіз мінажат етіп күресуде.

[13] Оның сендерді және Лаудіки мен Иераполдағы бауырластарды қатты уайымдап жүргеніне куәмін.

[14] Сүйікті дәрігер Лұқа да, Димас та сәлем жолдайды.

[15] Лаудікидегі бауырластарымызға, әсіресе Нүмфан мен оның үйінде жиналатын қауымға, сәлем айтыңдар.

[16] Сендер осы хатты оқып болған соң, оны әрі қарай Лаудікидегі қауымға беріңдер, оларға жазған хатымды да оқыңдар.

[17] Арқыпқа: «Иеміз саған міндеттеген қызметіңді адал атқаруға ықылас сал!» деген сәлемімізді жеткізіңдер.

[18] Енді мен, Пауыл, сендерге өз қолыммен сәлем жазып отырмын. Бұғауда екенімді естеріңде ұстаңдар! Лайым Құдай сендерге жар болып, рақымын жаудыра көрсін! (Аумин.)

Қолостықт. — Chapters