[1] Қымбатты бауырластар, сендерге барып, біраз уақытқа қалғанымыздың нәтижесіз болмағанын өздерің білесіңдер.
[2] Алдында ғана Філіпіде азап шегіп, қорлық көргеніміз туралы да хабардарсыңдар. Сонда да Құдайға сене отырып, қатты қарсылыққа қарамастан сендерге Оның Ізгі хабарын жариялауға батылымыз барды.
[3] Сендерге уағызды өзіміз шындықтан адасқандықтан немесе арам пиғылмен айтып жүрген жоқпыз және біреуді алдаудан да аулақпыз.
[4] Қайта, Құдай лайықты деп тауып, Ізгі хабарды бізге сеніп тапсырды. Сондықтан біз адамға емес, жүректеріміздің түкпіріндегілерді бақылап отыратын Құдайға ұнау үшін уағыз айтып жүрміз.
[5] Ешқашан да жағымпазданып сөйлеп көрген жоқпыз, оны өздерің білесіңдер. Пайда табайық деген ішкі есебіміз де болған емес, бұған Құдай куә.
[6] Сондай-ақ адамдардан, сендерден не басқалардан да атақ іздеп жүрген жоқпыз.
[7] Мәсіхтің елшілері ретінде біз талап қойсақ та болар еді, алайда сендерге балаларын қамқорлаған мейірімді анадай жылы жүзбен қарадық.
[8] Осылай жақсы көріп, Құдайдың Ізгі хабарын ғана жеткізген жоқпыз, жүрегімізді де алдарыңа жайып салдық, өйткені сендер бізге сүйкімді болып кеттіңдер.
[9] Бауырластар, біздің бар күшімізді салып, бейнет шеге еңбек еткеніміз естеріңде ғой. Сендерге масыл болмау үшін күні-түні жұмыс істедік, сөйте жүріп, Құдайдың Ізгі хабарын уағыздадық.
[10] Құдайға сенетін сендердің алдарыңда өзімізді таза, әділ, мінсіз ұстадық, бұған сендер де, Құдай да куә.
[11] Мынаны білесіңдер: әрқайсыңды туған баламыздай көріп,
[12] сендерге Құдай алдында ұялмайтындай болып жүріңдер деп ескертіп, соған көздеріңді жеткіздік, тіпті өздеріңе жалындық та. Өйткені Құдай сендерді өз Патшалығы мен салтанатты ұлылығына шақырады.
[13] Сендердің бізден естіген Құдай сөзін адамның емес, Құдайдың хабары ретінде — шындығында да бұл солай! — қабылдағандарың үшін біз Оған үнемі ризашылығымызды білдіреміз. Қазір бұл хабар Оған сенетін сендерге күшті әсер етіп жатыр.
[14] Себебі сендер, бауырластар, Құдайдың Иса Мәсіхке сенетін Яһудеядағы қауымдарына ұқсайсыңдар: олар яһуди діндарларынан қандай азап шексе, сендер де өз жерлестеріңнен сондай азап шектіңдер.
[15] Яһуди діндарлар тіпті Иеміз Иса және пайғамбарларды өлтіріп, бізді де қуып шыққан еді. Олар Құдайға ұнамайды әрі барлық адамдарға қастық танытады.
[16] Себебі олар біздің басқа ұлттарға Ізгі хабарды жариялап, құтқару әкелуімізге кедергі жасай береді. Осылай олар күнәларын күннен күнге көбейтіп келе жатыр. Содан Құдайдың қаһары төбелерінен төніп тұр.
[17] Қымбатты бауырластар, аз уақыт сендерден ажырап, көңілдеріңнен емес, көздеріңнен таса болғанда сағыныштан жүздеріңді көруге қатты құштар болдық.
[18] Иә, сендерге барғымыз келді; өзім — Пауыл бірнеше рет баруға тырыстым, бірақ бұған шайтан кедергі жасады.
[19] Өйткені Иеміз Иса Мәсіх қайтып келген кезде біздің үмітіміз, қуанышымыз, басымызға киер «мақтау тәжіміз» сендер болмағанда, кім болмақ?
[20] Расында да біздің мақтанышымыз бен қуанышымыз сендерсіңдер.