[1] Енді жалған тәңірлерге ұсынылған тағамдарға тоқталсам: «Бәрімізде біліктілік бар», мұны білеміз. Бірақ «біліктілік» мақтаншақ етеді, ал «сүйіспеншілік» сенімді жетілдіреді.
[2] Өзін сондай біліктімін деп есептейтін кісі қажетті біліктілікке әлі де ие болған жоқ.
[3] Ал Құдай Өзін сүйгенді жақсы біледі.
[4] Ал енді, жалған тәңірлерге ұсынылған тағамдарды ішіп-жеуге келсек, біз сондай тәңірлердің күллі әлемде шынымен жоқ екенін және жалғыз Құдайдан басқа еш құдайдың жоқ екенін білеміз.
[5] Кейбіреулердің ойынша көкте де, жерде де «құдай» делінгендер бар; сол адамдар көп «құдайлар» мен «иелеріне» құлшылық етеді.
[6] Бірақ біз бәрінің бастауы болған бір ғана Құдай Әкені танимыз, Ол үшін өмір сүрудеміз; сондай-ақ, жалғыз Иеміз — Иса Мәсіхті де танимыз: күллі әлем де, өзіміз де Сол арқылы пайда болдық.
[7] Алайда сенушілердің барлығы бірдей мұны біле бермейді. Бұрын жалған тәңірлерге құлшылық еткен кейбіреулері күні бүгінге дейін осындай тағамды жегенде оны тәңірлерге арналған деп есептейді. Бұларының дұрыс-бұрыстығына дүдәмал ар-ұждандары осылай арамданады.
[8] Құдайға деген қарым-қатынасымызға біздің жеген тамағымыздың қатысы жоқ; оны не жейік, не жемейік, бұдан Құдай алдында жаман да, жақсы да болмаймыз.
[9] Дегенмен байқаңдар, бұл еркіндіктерің сенімі әлсіздерді күнәға азғырмасын!
[10] Мысалы, ар-ұжданы әлсіз біреу «сондай білікті» сенің жалған тәңірдің ғибадатханасында тамақ ішіп отырғаныңды көрді делік. Бұл оны сол тәңірлерге арналған тағамдарды жеуге батылдандырмай ма?
[11] Осылай әлсіз адам, яғни өз бауырласың, сенің «біліктілігіңе» бола тура жолдан адасып, рухани жойылып кетеді. Ал Мәсіх ол үшін де жанын құрбан етті!
[12] Міне, осылайша бауырластарыңның әлсіз ар-ұждандарын жарақаттап, оларға қарсы күнә жасауыңмен Мәсіхке қарсы да күнә жасайсың.
[13] Сондықтан, егер жейтін тамағым бауырласымды күнәға азғырса, онда мен оны күнәдан сақтау үшін бұдан былай ешқашан да (базардан алынған) етті жемейтін боламын.