[1] Енді Құдайдың мұқтаждық көріп жүрген (Яһудеядағы) халқына көмек жинау туралы: Ғалатия өлкесіндегі қауымдарға берген нұсқауларыма сай әрекет жасаңдар.
[2] Жексенбі сайын әрқайсыларың жағдайларыңа қарай қолдағы қаражаттарыңнан бөлектеп, сақтап қойыңдар. Осылайша мен сендерге барған уақытта оларды жинаудың қажеті болмайды.
[3] Сол кезде өздерің сәлемдемелеріңді апару үшін таңдап алған адамдарыңа сенімхаттарымды беріп, оларды Иерусалимге шығарып саламын.
[4] Егер өзімнің де баруым жөн болса, онда бірге барармыз.
[5] Мен сендерге Македония арқылы сапар шегіп келмекпін. Себебі сол өлкемен өтетін ойым бар.
[6] Ал сендерде біраз тоқтап, тіпті қыстап та қалуым мүмкін. Осылай қай жаққа сапарымды жалғастырсам, мені жолға шығарып сала аласыңдар.
[7] Себебі қазір жолай соққым келмейді; Иеміз қаласа, біраз уақыт өздеріңмен бірге болсам деп үміттенемін.
[8] Алғашқы өнім мейрамына дейін Ефес қаласында болмақпын.
[9] Өйткені осында өнімді еңбек етуіме есік айқара ашық, ал қарсыластарым да аз емес.
[10] Тімоте сендерге келіп жатса, оның араларыңда алаңсыз жүруіне көңіл бөліңдер. Тімоте де мен сияқты Иеміздің ісімен айналысуда.
[11] Ешқайсың оны елемей жүрмеңдер, аман-есен жолға шығарып салып, маған қайтып келуіне жағдай жасасаңдар екен. Тімотенің өзге бауырластарымызбен бірге қайта оралуын күтудемін.
[12] Ал бауырласымыз Аполлос болса, оны сендерге баратын бауырластарға ілессін деп әлденеше рет жігерлендірдім, бірақ бұл жолы оның барғысы келген жоқ; сәті түскенде барар.
[13] Сақ болыңдар, сенімдеріңде берік, ер жүрек әрі күшті тұрыңдар!
[14] Бәрін де сүйіспеншілікпен істеңдер!
[15] Степан мен оның үй ішін білесіңдер, олар Ахаядағы алғашқы сенушілер арасында болып, өздерін Құдайдың халқына қызмет етуге бағыштап келеді. Бауырластар, сендерден өтінемін:
[16] осындай адамдардың және олармен істес болып, қажырлы еңбек етіп жүргендердің жетегіне сендер де еріңдер.
[17] Степан, Фортунат және Ахайықтың келгендеріне қатты қуанып қалдым. Олар сендердің жоқ екендіктеріңнің орнын толтырып,
[18] мені де, өздеріңді де рухтандырды. Мұндай адамдар шынында да қадірленуге лайық.
[19] Азия өлкесіндегі қауымдар сендерге сәлем жолдайды. Ақила мен Прискила және олардың үйінде жиналатын қауымнан Иемізбен жүрген сендерге дұғай сәлем.
[20] Мұндағы барлық бауырластар да сәлем айтуда. Шын жүректен бір-біріңе сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, сәлемімізді жеткізіңдер.
[21] Енді мен, Пауыл, сәлемімді өз қолыммен жазып отырмын.
[22] Иемізді сүймейтін әркімді Құдайдың қарғысы атпақ. Иеміз, келе гөр!
[23] Сендерге Иеміз Иса Мәсіх жар болып, рақымын жаудыра көрсін!
[24] Менің сүйіспеншілігім Мәсіх Исамен байланысқан бәріңмен бірге. (Аумин.)