[1] Егер мен адам тілдері мен періште тілдерінде сөйлей білсем, бірақ сүйіспеншілігім болмаса, онда сыңғырлаған қоңырау мен шылдырлаған асатаяқ сияқты боламын.
[2] Егерде Құдайдың хабарын жеткізіп, күллі құпияларды біліп, барлық білімді иемденіп, тау қозғайтындай зор сенімге кенелсем, алайда сүйіспеншілігім болмаса, түкке де тұрмаймын.
[3] Егер тіпті барлық мал-мүлкімді бейшараларға үлестіріп беріп, жанымды құрбан етіп, тәнімді отқа жағуға қисам, бірақ сүйіспеншілігім болмаса, бұдан да маған келер пайда жоқ.
[4] Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді, Ол еш қызғанбайды, мақтанбайды, паңданбайды.
[5] Сүйіспеншілік не жүгенсіз, Не өзімшіл, не ашушаң емес, Ол кек те сақтамайды.
[6] Сүйіспеншілік әділетсіздікті құптамайды, Қайта, ақиқатқа қуанады.
[7] Ол әрдайым қорған болып, ұдайы сенеді, Үмітін еш үзбей, бәріне де шыдайды.
[8] Сүйіспеншілік ешқашан да сарқылмайды. Құдайдың хабарын жеткізу тоқталар, Бөтен тілдер сарқылар, Білім дарыны да тоқталар.
[9] Себебі біліміміз тапшылау, Құдайдың хабарын жеткізуіміз де шектеулі.
[10] Ал жетілгендік келген кезде Шектеулінің барлығы тоқталады.
[11] Бала кезімде балаша сөйлеп, Балаша ойлап, балаша пайымдадым. Ер жеткеннен кейін Балалық қасиеттерден қол үздім.
[12] Сол сияқты, қазір көргеніміз Айнадағы көмескі бейне іспетті, Ал болашақта бетпе-бет көретін боламыз. Қазіргі білетінім тек қана шектеулі. Алайда Құдайдың өзімді толық білетіні секілді, Мен де сол кезде бәрін толық білетін боламын.
[13] Сонымен сенім, үміт, сүйіспеншілік — Осы үшеуі мәңгі қалады. Ал солардың ең бастысы сүйіспеншілік болады.