Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 6:02

[1] Енді рухани дарындарға тоқталайын, қымбатты бауырластар, сендердің бұларды дұрыс түсінбегендеріңді қаламаймын.

[2] Өздерің білесіңдер: әлі де Құдайға мойынсұнбаған кездеріңде сендерді біреу жетелегендей, үндемейтін «тәңір» бейнелеріне құлшылық етудің әр түрлі жолдарымен азғырылдыңдар.

[3] Сондықтан сендерге айтамын: Құдайдың Рухына кенелген ешбір адам «Исаны қарғыс атсын» дей алмайды, әрі Киелі Рухтың жетелеуінсіз ешкім де «Иса — Жаратқан Ие» деп шын жүректен мойындай алмайды.

[4] Алуан түрлі дарындар бар, бірақ оларды сыйлайтын Киелі Рух Біреу-ақ.

[5] Түрлі қызметтер де бар, ал біздің қызмет ететін Тәңір Иеміз Біреу.

[6] Әрекеттер де алуан түрлі, бірақ олар арқылы сендердің барлығыңда әрекет ететін Құдай Біреу.

[7] Ол өз Рухының өмірлеріңде бар екенін әрқайсыңа бәрінің игілігі үшін көрсетеді.

[8] Кейбіреуге Киелі Рухтан даналық сөз, ал басқасына дәл сол Рухтан білімге толы сөз беріледі.

[9] Киелі Рух кейбіреуге ерекше сенім дарытса, сол Рух тағы біреуге сауықтыру дарынын береді.

[10] Ол біреуге кереметтер жасауды, өзгесіне Құдайдың хабарын жеткізуді, ал басқа біреуіне рухтардың түрлерін ажырата білуді, келесіге түрлі бөтен тілдерде сөйлеуді, ал тағы біреуге соларды түсіндіруді сыйлайды.

[11] Бұлардың бәрін де дәл сол Киелі Рух істейді. Ол дарындарды Өзінің қалауынша әркімге жекелеп үлестіріп береді.

[12] Көптеген мүшелері болса да адамның денесі біреу, әрі мүшелері қаншама көп болғанмен тұтас бір денені құрайды: Мәсіхтің рухани денесімен де дәл солай.

[13] Себебі яһуди не басқа ұлттың адамы, құл немесе ерікті болайық, бәріміз бір Киелі Рух арқылы біртұтас рухани денеге енгізілдік. Барлығымыз да сол бір Киелі Рухқа кенелдік.

[14] Дене бір ғана емес, көп мүшелерден тұрады.

[15] Егер аяқ: «мен қол еместіктен денеге жатпаймын» десе, ол бәрібір оған жатпай ма?

[16] Әлде құлақ: «мен көз еместіктен дененің мүшесі емеспін» десе, ол бәрібір сондай емес пе?

[17] Егер бүкіл дене көз болса, онда ол қалай ести алар еді? Яки бүкіл дене есту сезімінен тұрса, қалай иіс сезе алар еді?

[18] Іс жүзінде Құдай дене мүшелерінің әрқайсысын Өзінің қалауы бойынша орналастырған.

[19] Барлығы бір-ақ мүше болса, дене болмас еді.

[20] Шынында көп мүшелері бар, бірақ дене біреу.

[21] Сондықтан көз қолға: «Маған керегің жоқ» дей алмайды; бастың да аяққа: «Маған қажетсізсің» деуі мүмкін емес.

[22] Керісінше, дененің әлсіздеу болып көрінетін мүшелері өте қажет.

[23] Азырақ құрметті деп санаған мүшелерімізді көбірек қамқорлап,

[24] көріксіз мүшелерімізді ерекше назармен жауып қоямыз. Ал көріктілеріне соның қажеті де жоқ. Осылай Құдай денені құрметі аздау мүшелерін көбірек қамқорлайтындай етіп құрастырды.

[25] Ондағы мақсаты: денеде жікке бөліну болмай, бүкіл мүшелері өзара бірдей қамқорлық көрсетсін дегені.

[26] Сондықтан бір мүше ауырса, бәрі бірге ауырады, бір мүше дәріптелсе, соған барлығы да қуанады.

[27] Сонымен сендер бірігіп Мәсіхтің рухани денесі, ал жеке дара оның бір мүшесісіңдер.

[28] Құдай қауымда кейбіреулерді, біріншіден, елшілер, екіншіден, Өзінің хабарын жеткізушілер, үшіншіден, тәлім берушілер етіп қойды; Ол, сондай-ақ, кейбіреулерге кереметтер жасайтын құдірет, әрі ауруларды сауықтыратын, көмек көрсететін, ұйымдастырып басқаратын және түрлі бөтен тілдерде сөйлейтін дарындар да сыйлады.

[29] Бәрі бірдей елші, Құдайдың хабарын жеткізуші, тәлім беруші немесе керемет істер жасаушы ма?

[30] Барлығының ауруларды сауықтыратын дарыны бар ма? Бәрі де бөтен тілдерде сөйлеп, немесе айтылғандарды түсіндіріп жүр ме? Жоқ.

[31] Ал сендер бәрің де ең пайдалы дарындарға ие болуға ұмтылыңдар! Енді мен барлығынан да асып түсетін жолды көрсетемін:

Қорынттықт. 1 — Chapters