Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 6:25

[1] Менің Мәсіхтен үлгі алғанымдай, сендер де менен үлгі алыңдар!

[2] Ұдайы мені ойлап, өздеріңе тапсырған ілімдерді дәл сол күйінде ұстанып жүргендерің үшін сендерді мақтаймын.

[3] Енді мынаны да білулеріңді қалаймын: әрбір еркектің басы — Мәсіх, әйелдің басы — күйеуі, ал Мәсіхтің басы — Құдай.

[4] Солай болғандықтан, ер адам Құдайға сиынған немесе Оның хабарын жеткізген кезде басын жапса, өз басын (яғни Мәсіхті) құрметтемегені.

[5] Ал Құдайға сиынған немесе Оның хабарын жеткізген кезінде жалаң бас тұрған әйел өз басын (яғни күйеуін) құрметтемегені. Бұл, шашын тақырлап алып тастағанымен бірдей.

[6] Себебі бір әйел басын жапқысы келмесе, онда неге шашын қиып тастамасқа? Ал егер әйелдің шашын қиып немесе басын тақырлап тастағаны ұят болса, онда ол басын жапсын.

[7] Сонымен ер адам басын жаппау керек: ол Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылып, Оның ұлылығын бейнелейді. Әйел болса, күйеуінің ұлылығын бейнелейді.

[8] Себебі еркек әйелден емес, қайта, алғашқы әйел еркектің сүйегінен жасалды.

[9] Сондай-ақ еркек әйелге бола емес, әйел еркекке бола жаратылды.

[10] Сондықтан әйел өкілеттігінің белгісі ретінде басын жауып, періштелер назар аударатын тәртіпті сақтауы керек.

[11] Дегенмен Иемізбен байланысымызда әйел еркектен, еркек әйелден тәуелсіз емес.

[12] Алғашқы әйел еркектің сүйегінен жаратылса да, еркек әйелден туады, ал екеуін де жаратқан — Құдай.

[13] Өздерің пайымдап, ақылға салыңдаршы: әйелдің басын жаппай Құдайға сиынуы әдепке жата ма?

[14] Табиғи түйсіктеріңнің өзі сендерді ұзын шаш еркек үшін ұят екенін үйретпей ме?

[15] Ал әйел үшін шашын өсіру оның мақтанышы емес пе? Ұзын шашы әйелге басын жабатын жамылғы ретінде берілген.

[16] Егер де біреу бұл туралы айтысқысы келсе, бізде де, Құдайдың өзге қауымдарында да мұндай салт жоқ.

[17] Төмендегі нұсқауларымда сендерді мақтай алмаймын, себебі жиындарыңның пайдасынан гөрі зияны көп.

[18] Біріншіден, араларыңда жікке бөлінудің бар екені туралы хабар алдым, бұның ішінара болса да рас екеніне сенемін!

[19] Ал сендердің қайсыларыңның сенімді екендіктеріңді анықтау үшін пікір алалығы да қажет.

[20] Алайда сендер жиналған кезде шын мәнінде Иеміздің асын жемейді екенсіңдер.

[21] Әркім өзінің тамағын басқалардан бұрын ішуге асығып, қайсыбіреу аш қалып, басқасы мас болады екен.

[22] Ішіп-жеуге өз үйлерің бар емес пе? Немесе Құдайдың қауымын менсінбей, түгі жоқтарды ұятқа қалдырғыларың келе ме? Енді сендерге не десем екен? Осы үшін мақтайын ба? Әрине, мақтамаймын!

[23] Мынаны мен Иеміздің Өзінен қабылдап, сендерге де айтып тапсырдым: Иеміз Иса ұсталып берілер түні нанды алып,

[24] шүкірлік етті де, үзіп беріп, былай деді: «Бұл — сендер үшін құрбан болмақ денем. Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер!»

[25] Сондай-ақ, кешкі астан кейін тостағанды да алып: «Мына тостаған — төгілмек қаныммен бекітілетін Жаңа келісім. Одан ішкен сайын Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер!» — деді.

[26] Сендер осылай нан жеп, тостағаннан ішкен сайын, Иеміз қайтып келгенше, Оның құрбандық өлімін жариялай бересіңдер.

[27] Сондықтан, кімде-кім лайықсыз түрде Иеміздің нанын жеп, тостағанынан ішсе, сол Иеміздің денесі мен қанына қарсы күнә жасайды.

[28] Әркім нанды жеп, тостағаннан ішпес бұрын өзін сынасын;

[29] егер лайықсыз түрде нан жеп, тостағаннан ішіп, Иеміздің денесіне тиісті құрмет көрсетпесе, онда ол өзіне Құдайдың үкімін шығартады.

[30] Сондықтан да сендердің көбің әлсіз де аурусыңдар, біразың қайтыс болдыңдар.

[31] Егер алдымен өзімізді-өзіміз сынасақ, Құдайдың жазасына ілікпес едік.

[32] Ал бізге күнәкар дүниемен бірге қияметте үкім шығармас үшін Тәңір Иеміз бізді қазірдің өзінде тексеріп, жазалауда.

[33] Сонымен, бауырластар, Иеміздің асына бас қосқанда бәрі жиналғанша күтіңдер!

[34] Кімнің қарны ашса, сол үйінен тамақтанып келсін, әйтпесе жиналғанда Құдайдың жазасына ілігіп қаласыңдар. Ал басқа нәрселер туралы өздеріңе барған кезімде нұсқау бермекпін.

Қорынттықт. 1 — Chapters