Титке 3
[1] Үкімет пен жергілікті әкімшілік өкілдеріне мойынсұнып, олардың еркін орындап, жақсылық атаулыны жасауға дайын болу қажеттігін сенушілердің естеріне салып отыр.
[2] Сонымен қатар, олар ешкімді қаралап, жанжал туғызбай, жұрттың бәріне бірдей мейірімділік пен ілтипаттылық танытуға тиіс.
[3] Бір кезде біз де түйсіксіз болып, тіл алмай, азғырылып, түрлі құмарлықтар мен ләззаттың құлы болдық. Өмірімізді қара ниеттілікпен, күншілдікпен өткізіп, басқаларға жексұрын болып, бір-бірімізді де жек көрдік.
[4] Алайда Құтқарушы Құдайымыз Өзінің қайырымын және адамзатқа деген зор сүйіспеншілігін айқын көрсеткенде
[5] бізді құтқарды. Ол бізді жасаған әділ істерімізге бола емес, Өзінің мейіріміне бола күнәдан жуып тазартып, Киелі Рухы арқылы рухани қайта туғызып жаңартты.
[6] Құдай бізді Өзінің Киелі Рухына Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің арқасында молынан кенелтті.
[7] Осылай біз Құдайдың рақымымен ақталдық, Оның сыйлайтын игіліктерінен үлестерімізді алып, мәңгілік өмірден үміттіміз.
[8] Бұл айтқандарым нағыз шындық. Құдайға сенгендердің өздерін жақсылық жасауға арнаулары үшін бұларды баса айтуыңды қалаймын. Олар адамдарға ізгілікті де пайдалы.
[9] Мәнсіз айтыстар мен ата-тек туралы бос әңгімелерге, жіктелу мен Таурат заңы туралы дау-тартыстарға жол берме! Олар пайдасыз, құр бекершілік.
[10] Қате ілім таратып, жік салатын әркімге бір-екі рет ескерту жасап, тыңдамаса байланыстарыңды үзіңдер.
[11] Әбден бүлінген мұндайдың күнә жасай беріп, өз үкімін өзі шығаратынын білесің.
[12] Мен Артема не Түхікті саған жіберген бойда кешікпей-ақ Никополға тез жетуге тырыс, сол жақта қыстап шығуға бел будым.
[13] Заң қызметкері Зенаның және Аполлостың ешбір тапшылық көрмеулері үшін сапарларына қамқорлық жаса.
[14] Біздің адамдарымыз өнімсіз өмір сүрмей, мұқтаждардың қажеттерін қамтамасыз етулері үшін игі істермен айналысуға үйренсін.
[15] Қасымдағылардың бәрі де саған сәлем айтуда. Ортақ сенімде бізді сүйетіндерге сәлемімізді жеткіз. Лайым Құдай барлығыңа да рақымын жаудыра көрсін! (Аумин.)