Титке 1
[1] Құдайдың қызметшісі әрі Иса Мәсіхтің елшісі Пауылдан дұғай сәлем. Құдай таңдап алғандарын Мәсіхке сендіріп, Өзіне ұнамды өмір туралы шындықты білуге жетелеу үшін мені тағайындап, жіберді.
[2] Осы сенім мен білім мәңгілік өмірге деген үмітімізге негізделген. Жалған сөйлемейтін Құдай бізге сол өмірді әуел бастан-ақ уәде етіп,
[3] Өзі белгілеген уақытында хабарын уағыздатып, паш еткізді. Соны уағыздау Құтқарушымыз Құдайдың бұйрығымен маған да аманатталды.
[4] Менімен бірге бір сенімдегі шынайы балам іспетті Титке Құдай Әке мен Құтқарушымыз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін!
[5] Мен сені Критте аяқталмай қалған істерді реттеп, әрбір қаладағы қауымға жетекшілер тағайындау үшін қалдырған едім. Менің нұсқауларымды ұмытпа:
[6] жетекші ешбір кінәратсыз, әйеліне адал, ал балаларының сенуші болуы қажет. Жұрт оларға мінез-құлықтары жаман, ешкімге мойынсұнбайды деп айып тақпауға тиіс.
[7] Себебі қауым басқарушысына Құдайдың жұмысына жетекшілік ету сеніп тапсырылады, сондықтан ол мінсіз болып, менмен, ашушаң, арақ-шарапқа салынған, ұрыншақ, пайдакүнем болмауы керек.
[8] Керісінше, ол қонақжай, ізгілік атаулыны сүйетін, байсалды, әділ, пәк таза әрі ұстамды болуға міндетті.
[9] Сондай-ақ, ол басқаларды дұрыс ілімге үйретіп, соған еруге жігерлендіріп, Ізгі хабардың қарсыластарын теріске шығара алуы үшін ілімімізге сәйкес шынайы хабарды берік ұстануға тиіс.
[10] Өйткені бағынбайтындар, бос сөйлеушілер және алдаушылар көп, әсіресе яһуди дәстүрлерін ұстанушылар арасында.
[11] Мұндайлардың ауыздарын жабу қажет, себебі олар оқытпауға тиісті нәрселерді арам пайдалары үшін насихаттап, кейбір отбасыларын түгелдей тура жолдан адастырады.
[12] Криттіктердің біреуі, өздерінің пайғамбары: «Криттіктер — әрдайым өтірікшілер, зиянды хайуандар, еріншек мешкейлер», — деген.
[13] Бұл — шынайы куәлік. Сол себептен де оларға мықтап ескерт: дұрыс сенімді ұстанып,
[14] яһуди аңыздарына, шындықтан адасқан адамдардың ережелеріне ден қоймасын!
[15] Көңілі тазаларға бәрі де таза, ал күнәға былғанып, сенбейтіндер үшін еш нәрсе де таза емес, олар ақыл-естері де, ар-ұждандары да арамданғандар.
[16] Құдайды білеміз десе де, мұнысын іс-әрекеттерімен жоққа шығарады; олар — жек көрінішті, ешкімге бағынбайтын, ешқандай игі істер жасауға жарамсыз жандар.