Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:49

[1] Мәсіх Исаға арнаған қызметім үшін түрмеде отырған Пауылдан және бауырласымыз Тімотеден сүйікті қызметтесіміз Філимонға,

[2] сондай-ақ бауырласымыз Әпияға, бізбен бірге Ізгі хабар үшін жан сала қызмет етіп жүрген Арқыпқа және Філимонның үйінде жиналатын қауымға дұғай сәлем.

[3] Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін!

[4] Мен Құдайға сиынып сені есіме түсіргенде әрдайым шүкірлік етемін.

[5] Өйткені Иеміз Исаға деген сенімің және Тәңір Иенің барлық адамдарына көрсеткен сүйіспеншілігің туралы естідім.

[6] Мәсіхке деген сенімің және Құдайдың бәрімізге берген күллі игіліктерін түсінуің арқылы басқа сенушілермен байланысың Мәсіхтің даңқын асыруға әсерлі болсын деп мінажат етемін.

[7] Сенің сүйіспеншілігіңнен зор қуаныш пен жұбаныш таптық, өйткені сен, бауырым, Құдайдың адамдарының жүректерін орнықтырып келесің.

[8] Сондықтан Мәсіхтің елшісі ретінде керек істі саған бұйыруға батылым барса да,

[9] сүйіспеншілігіңе бола өтініп сұраймын. Иә, басқа біреу емес, мен — Пауыл қария, Мәсіх Исаға қызмет еткенім үшін қазір түрмеде отырған менің өзім,

[10] сенен ұлым жайында өтінемін. Мен осында тұтқында отырып, оған Ізгі хабарды айтып берген едім. Қайта туылып, рухани ұлыма айналған сол жан — Онисым («Пайдалы»).

[11] Ол өткен кезеңде сен үшін пайдасыз болғанмен, енді маған да, саған да пайдалы. Оны өзіңе қайтарып отырмын,

[12] ал онымен бірге өз жүрегімді жіберіп отырғандаймын!

[13] Ізгі хабарға бола түрмеге қамалған мен оны сенің орныңда өзіме көмектесу үшін қарамағымда қалдыруды ойлаған едім.

[14] Алайда жақсылық жасауың мәжбүрліктен емес, өз еркіңмен болсын деп, сенің келісіміңсіз ешбір шешім қабылдағым келмеді.

[15] Мүмкін, оның уақытша сенен алшақтағанының мақсаты — оны мәңгілікке қабылдауың шығар.

[16] Ал қазір ол құлың ғана емес, одан әлдеқайда жоғары — сүйікті бауырласың ретінде өзіңе қайта оралады. Ол мен үшін дәл сондай, ал сен үшін адам ретінде де, Иемізбен жүрген бауырласың ретінде де одан бетер жақын болады.

[17] Сондықтан маған шынымен дос болсаң, оны мені қабылдағандай қабылдағайсың.

[18] Ал егер ол саған жамандық жасаған не қарыздар болса, онысын менің мойнымда деп есепте.

[19] Мен, Пауыл, өз қолыммен жазып отырмын: онысын өзім өтеймін! Алайда сенің өзіңнің рухани өмірің үшін маған қарыздар екеніңді айтпай-ақ қояйын.

[20] Сонымен, бауырласым, Иеміз Мәсіх үшін маған осылай бір жақсылық етіп, Оған деген сүйіспеншілігің арқылы менің жүрегімді орнықтыршы.

[21] Сен құлақ асар деп үміттеніп, айтқанымнан да артық орындайтыныңды біле отырып, осыны жаздым.

[22] Сонымен бірге маған баспана дайындағайсың. Құдай мінажаттарыңа мейіріммен құлақ асып, Мені сендерге жіберер деп үміттенемін.

[23] Мәсіх Исаға қызмет еткені үшін менімен бірге бұғауда отырған Епафрас

[24] әрі өзге қызметтестерім Марқа, Арыстарқ, Димас, Лұқа да саған сәлем жолдауда.

[25] Лайым жан дүниелерің Иеміз Иса Мәсіхтің рақымына кенеле берсін!