Титке 2
[1] Ал сен дұрыс ілімге сай келетінді үйретуің керек.
[2] Егде тартқан ер адамдар қырағы, байыпты әрі байсалды, олардың сенімі, сүйіспеншілігі және шыдамдылығы шынайы да берік болуға тиіс.
[3] Сол сияқты, егде әйелдердің жүріс-тұрыстары Құдайға бағышталған әйелдерге лайықты болуы қажет: олар ешкімге жала жаппай, арақ-шарапқа салынбай, қайта, басқаларды жақсылыққа үйрететін болсын.
[4] Егде әйелдер қыз-келіншектерді күйеулері мен балаларын сүйіп,
[5] байсалды, кіршіксіз таза, үй шаруасына ұқыпты әрі мейірімді болып, күйеулеріне мойынсұнуға жігерлендіріп үйретсін. Осылайша олар Құдай сөзінің жамандалуына жол бермесін.
[6] Осы секілді, жігіттерді де байсалды болуға шақыр.
[7] Өзің барлық істе де ізгіліктің үлгісі, тәлім беруде адал және байыпты бол.
[8] Айтқан сөзің айыпталмайтындай дұрыс бола берсін, сонда қарсыластарымыздың бізді жамандайтын еш нәрселері болмай, ұятқа қалады.
[9] Басыбайлы қызметшілер қожайындарына барлық істе де мойынсұнып, көңілдерінен шығуға ұмтылсын. Оларға қарсы сөйлемей,
[10] ұрлық жасамай, әрдайым шын көңілмен адал болулары керек; осылайша Құтқарушымыз Құдайдың ілімін көркейтсін.
[11] Өйткені Құдайдың бүкіл адамзатқа құтқарылуды ұсынатын рақымы анық білінді.
[12] Ол бізді Оған ұнамсыз қылықтар мен күнәкар дүниелік құмарлықтардан бас тартып, қазіргі заманда байыпты, әділ және Құдайға ұнамды өмір сүруге бағыттайды.
[13] Себебі біз керемет үмітіміздің іске асуын күтудеміз: ұлы Құдайымыз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіх зор салтанатпен көрінетін болады.
[14] Ол бізді бүкіл жамандық атаулыдан азат етіп, тазартып, Өзінің меншікті, игі істерге ынталы халқы ету үшін жанын қиып, құрбан болды.
[15] Бұларды қауымдарға барлық беделіңмен айтып беріп, насихаттап, елемейтіндерді әшкереле. Ешқайсысы сені менсінбей жүрмесін.