[1] Құдай (Әке) алдында және қайтып келіп көрініп, Патшалық құрғанда тіріні де, өлгенді де соттайтын Иса Мәсіх алдында саған мықтап ескертемін:
[2] Құдайдың сөзін уағызда! Мұны адамдарға ұнауы, ұнамауына қарамастан әрдайым орындауға табандылықпен ұмтыл. Олардың қателерін әшкерелеп, тыйым сал, әрі жақсылыққа жігерлендіре тұрып, зор сабырлылықпен тәлім бер!
[3] Себебі адамдар дұрыс тәлімді еш қабылдамайтын уақыт та туады. Олар жеке құмарлықтарының жетегінде кетіп, құлақтарына жағатындарды ғана айтатын тәлім берушілерді көптеп шақырып, соларды тыңдайтын болады.
[4] Осылай олар шындыққа құлақ салмай, бос аңыздарға назар аудармақ.
[5] Ал сен әрдайым қырағы, азапқа төзімді бол! Ізгі хабарды уағыздаушының міндетін атқарып, қызметіңді орындай бер!
[6] Менің қаным төгіліп құрбан болып, бұ дүниеден аттанатын кезім таяп қалды.
[7] Мен «ізгі күреске» қатысып болдым, «жарыста жүгіріп, мәреге жеттім», сенімімді сақтап қалдым.
[8] Енді мені «жеңімпаздың жүлдесі» — «әділдіктің тәжі» күтіп тұр, оны маған сол күні әділ Төреші — Иеміз бермек. Ол тек маған ғана емес, Оның қайта оралып, анық көрінуін сүйіспеншілікпен күткендердің бәріне де сол «жүлдені» сыйлайды.
[9] Маған тезірек келуге тырыс.
[10] Себебі Димас осы күнәкар дүниені жақсы көріп, мені тастап, Салониқа қаласына кетті. Кіріскент Ғалатияға, ал Тит Далматияға аттанды.
[11] Жалғыз Лұқа ғана қасымда. Марқаны тауып бірге ала кел, өйткені ол қызметіме пайдалы болмақ.
[12] Түхікті Ефеске жібердім.
[13] Трояда Қарпостың үйіне тастап кеткен шапанымды, сондай-ақ, шиыршық кітаптарымды да ала кел, әсіресе, жарғаққа жазылғандарын.
[14] Мыс шебері Ескендір маған көп жамандық жасады. Иеміздің Өзі оған істегендеріне лайықтысын қайтарар.
[15] Ескендір айтқандарымызға тым қарсы шықты, сен де одан сақтанып жүр.
[16] Алғашқы тергеліп, жауапталған кезімде қасымда жақтаған ешкім болмады, қайта, бәрі мені тастап кетті. Құдай олардың мұнысын мойындарына артпай-ақ қойсын!
[17] Алайда Иеміз маған жар болып, әр ұлттық адамдардың естуі үшін Ізгі хабарды толықтай жариялауға күш-қуат беріп, мені арыстанның құлқынынан құтқарғандай, өлімнен аман алып қалды.
[18] Иеміз мені болашақта да жамандық атаулыдан сақтап, Өзінің көктегі Патшалығына апармақ. Оның ұлылығы мәңгі мадақтала берсін! Аумин.
[19] Прискила мен Ақилаға, сондай-ақ Онисыфордың үй ішіне сәлем айт.
[20] Ераст Қорынт қаласында қалды, Трофимды ауырғандықтан Мілит қаласында қалдырдым.
[21] Қыс түспей келуге тырыс. Еубұл, Пұд, Лин, Клаудия және барлық басқа бауырластарымыз саған сәлем жолдап жатыр.
[22] Жаратқан Ие жар болып, рухыңды жігерлендіре көрсін, Оның рақымы бәріңе де жауа берсін! (Аумин.)