[1] Уа, Иеміз, бізге не болғанын ескере гөр, Көрген масқарамызға қарап көңіл бөле гөр!
[2] Жат жерліктерге өтті мұралық жеріміз, Сырттан келген жауға тиді біздің үйлеріміз.
[3] Әкесі жоқ жетім болдық өздеріміз, Жесірге айналды біздің шешелеріміз.
[4] Ішетін суымызды ақшаға сатып аламыз, Отынымызды да құнын төлеп алып тұрамыз.
[5] Дұшпандар бізді артымыздан қалмай қууда, Қажысақ та, мұршамыз жоқ демалуға.
[6] Біздер жеп тойынуымыз үшін нанға Бодан болдық Мысыр, Ассур халықтарына.
[7] Күнә жасап, қайтыс болды ата-бабамыз, Ал олардың жазасын енді біз тартудамыз.
[8] Біздің үстімізден құлдар билік құруда, Қолдарынан құтқарар жоқ бір адам да.
[9] Жейтін нанымызды табамыз бас қаупімен, Өйткені далада қатер төнуде семсерден.
[10] Аштықтан қатты зардап шегіп келеміз, Отқа күйгендей қарайып кетті теріміз.
[11] Сиондағы әйелдерді жаулар зорлады, Яһуданың пәк қыздарын да олар қорлады.
[12] Дұшпандар асып қойды әміршілерді, Қарияларға олар еш құрмет білдірмеді.
[13] Жас жігіттерге диірмен тасын айналдыртады, Балаларға сүріндіргенше отын тасытады.
[14] Ақсақалдар енді қақпада бас қоспайды, Жастар көңілді ән-күй салуларын қойды.
[15] Жүректерімізден қуаныш ғайып болды, Би билеуіміз қайғы-қасіретке айналды.
[16] Тәжіміз лақтырылып түсті басымыздан, Қасіретке қалдық күнә жасағандықтан.
[17] Содан жүректеріміз әлсірей қайғыланып, Көздеріміз талып қалды жасы мол ағып.
[18] Себебі Сион тауы бос жатыр қаңырап, Оны түлкі мен шибөрі кезіп жүр шарлап.
[19] «Ал Сен, Жаратқан Ие, мәңгі билік жүргізесің, Ұрпақтан ұрпаққа ұласады Сенің билігің!
[20] Неліктен біздерді мүлдем ұмытып кеттің? Сонша ұзақ уақытқа неге тастап кеттің?
[21] Уа, Иеміз бізді Өзіңе қабылдай гөр қайта, Сонда біз бет бұрамыз Саған тағы да, Бұрынғыдай етші күндерімізді жаңарта!
[22] Әлде Сен бізге әбден қаһарландың ба, Әлде бізден біржола бас тартқансың ба?»