Skip to content
Opens in a new window

[1] (Пайғамбар:) Алтын қаншама көмескі тартқан, Саф алтын сапасынан айырылған, Киелі орынның құнды тастары Көше қиылыстарында шашылған!

[2] Сионның алтындай асыл ұлдары Көзешінің жай ыдысындай саналған!

[3] Шибөрі күшіктерін қамқорлап емізеді, Ал халқым шөлдегі түйеқұстай қатыгезденді.

[4] Сәбилер шөлдеп, тілі таңдайына жабысқан, Жалынып жатқан оларға беруге жоқ еш нан.

[5] Таңдап тамақ жегендер көшеде қалжырауда, Сәнді киініп өскендер қи-көңде құруда.

[6] Халқымның кінәсі асып түсті Содомдікінен, Ол кенет күйреп, ешкім де қол ұшын бермеген.

[7] Қардан пәк, сүттен ақ еді елдің әміршілері, Әрі маржаннан қызғылт олардың тәндері, Көк асыл тастай жарқылдайтын өңдері.

[8] Ал қазір күйеден де қара келбеттері, Көшеде танымайды оларды таныс кісілері, Отындай кеуіп, сүйегіне жабысты терілері.

[9] Аштықтан өліп жатқандардан гөрі Семсерден қаза тапқандарға игі. Болмағанда жейтін азық-түліктері Адамдар зор азаппен қалжырап өледі.

[10] Халқымның осылай күйреген кезінде Мейірімді әйелдердің өздері де Балаларын өз қолымен асып, жеді де.

[11] Жаратқан Ие бүкіл кәрін жаудырды, Ол Сионға қаһарының отын құйды, Өрт қаланың негізін де жалмап жойды.

[12] Иерусалимнің қақпаларына жау кіреді Деп жердің еш патшасы не халқы сенбеп еді.

[13] Бірақ халықтың зұлым пайғамбарлары Мен діни қызметкерлерінің күнәлары Үшін солай болды: жазықсыз адамдарды Қала ішінде солар өлтіріп тастады!

[14] Енді олар көшеде соқырдай сипалауда, Үстері төккен қандарынан ластанды да, Ешкім жанасқысы келмейді оларға.

[15] Жұрт: «Алшаққа кетіңдер, арамсыңдар сендер! — Деп айқайлады. — Кетіңдер! Қол тигізбеңдер!» Һәм былай деді бөтен елдердегі кісілер: «Осында тұра алмайды сол кінәлілер!»

[16] Жаратқан оларды Өзі шашып тастайды, Бұдан былай Ол соларға ден қоймайды. Жұрт діни қызметкерлерге ізет білдірмейді, Қарияларға да мейірім көрсетпейді.

[17] Бекерге көмек іздеп көзіміз талды. Мұнарадан тостық құтқара алмайтын халықты.

[18] Жау аңдып, жүре алмадық жолдарымызда, Күндеріміз бітіп, ажал таяп қалды да.

[19] Қуғыншылар аспандағы бүркіттен жылдам еді, Тауда өкшелеп, түзде де аңдыды бізді.

[20] Сеніп едік Жаратқан тағайындаған патшамызға, Бірақ ол да түсті жаудың тұзақтарына. Былай деп едік: «Патшаның қол астында Тірі қалармыз өзге ұлттар арасында».

[21] Ус еліндегі Едом халқы, қуанасың ба? Ащы шараптай кәрлі жазаны тартасың да, Мас адамдай абыройыңды ашасың да!

[22] Уа, Сион халқы, бітпек енді күнәңнің жазасы, Иеміз қуғыныңды көп ұзартпайды тағы! Ал, Едом халқы, Жаратқан сені жазалайды, Ол зұлым істеріңді ашып жариялайды.

Жоқтау — Chapters