Skip to content
Opens in a new window

[1] (Пайғамбар не қайғырған басқа адам:) Иемнің қаһарынан таяқ жеген адаммын мен,

[2] Ол айдап жүргізді мені жарық емес, түнекпен.

[3] Күн ұзағына Ол өзімді ұрғылай береді,

[4] Ет пен терімді шірітіп, сындырды сүйектерімді,

[5] Зор азап, ауыртпалықпен мені қоршап алды,

[6] Ежелде өлгендердей түнекте отырғызды.

[7] Шықпастай қоршап, Ол мені қоламен шынжырлады.

[8] Қатты шақырсам да, дұғама құлақ салмады.

[9] Жолымды Ол ирелеңдетіп қисық қылды, Қашалған қойтастар қойғандай бөгет салды.

[10] Ием мен үшін аңдып жатқан аюдай, Әрі жасырынып жатқан арыстандай,

[11] Ол мені жолдан сүйреп, талап тастады, Мүлдем дәрменсіз қылып оңаша қалдырды.

[12] Жаратқан мергендей садағын тарта берді, Жебелері үшін нысана етті мені,

[13] Осылайша Ол бүйректеріме менің Атқылады қорамсағының жебелерін.

[14] Мен бүкіл халқымның күлкісіне айналдым, Олар мазақтап мені ән салады күн сайын.

[15] Ием мені ащы күйінішпен тойдырды, Удай ащы жусаннан ішкізіп мас қылды.

[16] Тәңір тістерімді таспен сындырып тастады, Күл-топыраққа Ол мені басып таптады.

[17] Тыныштық атаулыдан айырылды жаным, Амандықтың не екенін мүлдем ұмытқанмын.

[18] Былай дедім: ғайып болды Менің бар күшім, Жаратқан Иеге артқан бүкіл үмітім.

[19] Мүшкіл халім мен мүсәпір жағдайымды Еске алсам, күйініш толтырады жанымды.

[20] Олар жадымда берік сақталып қалады. Содан жаным түңіліп, қатты қайғырады.

[21] Алайда мына жайтты есіме аламын, Соған мен енді үмітімді артамын:

[22] Түгелдей құрып кетпегеніміз біздің Берік рақымынан Жаратқан Иенің, Өйткені рақымы Оның сарқылмас дәйім,

[23] Жаңара береді ол таң атқан сайын. Уа, Ием, сондай зор Сенің адалдығың!

[24] Өзіме: «Жаратқан Ие — үлесім менің, Сондықтан үмітімді артам Оған!» деймін.

[25] Иеміз ізгі Өзіне үміт артқанға, Шындап Оған бет бұрып сиынатын жанға!

[26] Жаратқанның оны құтқарып азат етуін Сабыр сақтап күткені игі адам үшін.

[27] Жас кезінен Тәңірге мойынсұнып жүргені Адам баласы үшін сондай игілікті!

[28] Оңашада отырсын ол тыныштықпен, Өйткені Жаратқан Ие соны оған жүктеген.

[29] Тәңірге бағынып жерге дейін бас исін, Әлі де үміт бар шығар сол адам үшін,

[30] Өзін соққан жауға бетін ұсынсын, Соның көрсеткен көп қорлығына көнсін.

[31] Өйткені өз халқын Жаратқан Ие Өзінен аластатпайды мәңгілікке.

[32] Ол қайғыртса да, кейін рақым көрсетеді, Соншалықты зор Оның берік мейірімі!

[33] Адам баласына қайғы-қасіретті Ол өз жүрек қалауымен жібермейді.

[34] Қайта, елдегі бар тұтқынды басып жаншуды,

[35] Хақ Тағала алдында адам құқығын бұзуды,

[36] Адамға тиісті әділдікті бұрмалауды: Жаратқан Ие көрмей ме сол сұмдықтарды?

[37] Жаратқан Ие солай болсын демесе, Адам қолынан мұндай нәрсе келе ме?

[38] Ауыртпалық пен амандық екеуі де Жаратқан Иенің айтуымен келмей ме?

[39] Адам өз күнәсі үшін қасірет шексе, Оның шағым айтуы керек несіне?

[40] Жүрген жолдарымызды байқап сынайық, Жаратқан Иеге қайтадан оралайық!

[41] Көктегі Құдайға жүрегімізді ашайық, Оған сиынып қолымызды жаяйық:

[42] «Біз опасыз болып бағынбай кеттік Саған, Әрі Сен кешірім берген жоқсың бұған.

[43] Қаһарыңа бөленіп, бізді қудаладың, Еш мейірімділік көрсетпей қырып-жойдың.

[44] Өзіңе өтпеуі үшін дұғамыздың, Сен бұлтпен тұмшаланып жасырындың.

[45] Бізді халықтар арасындағы «қоқысы» Етіп жібердің әрі «сыпырындысы».

[46] Күллі қарсыластарымыз да бізді Ауыздарын кең ашып келемеждейді.

[47] Бар көретініміз — үрей мен тұзақ, Қырылу мен ойранға душар болдық».

[48] Ойран түсті қымбат халқымның басына, Содан көз жасым көл болып ағылуда.

[49] Көз жасым еш тоқтамай аға береді де,

[50] Жаратқан Ие көктен қарап көрмейінше.

[51] Қаланың бейбақ әйел затына бола Жаным қайғы-қасіретке батуда.

[52] Дұшпандарымның хақысы болмағанмен, Құс аулағандай соңымнан қуып жеткен.

[53] Құдық ішінде олар жанымды алмақ болды, Сонымен қатар мені таспен атқылады.

[54] Су ағыны асып кетті сонда басымнан, Мен: «Құрыдым енді!» деп түңіліп ойлағам.

[55] Атыңды сенің терең құдық түбінен Уа, Жаратқан Ием, атап шақырдым мен.

[56] «Құлағыңды көмек сұраған үнімнен Жаппашы!» деген жалынышымды естідің Сен.

[57] Солай шақырғанымда жақындап келдің, «Еш қорықпа!» деп мені жігерлендірдің.

[58] Уа, Жасаған Ие, Сен мүддемді қорғадың, Құнын өтеп менің өмірімді құтқардың.

[59] Ием, шеккен зорлығымды көріп келесің. Әділдікпен шеше гөр ісімді менің!

[60] Сен көресің дұшпандардың кекшіл қылықтарын, Олардың маған қарсы ойлаған сұмдықтарын,

[61] Уа, Ием, мені мазақтап қорлағандарын Маған қарсы құрып қойған жоспарларын,

[62] Қарсыластарымның күнде күбірлескендерін, Маған қарсы сөз байласып жүретіндерін.

[63] Назар аударшы: олар отырса да, тұрса да, Мені ылғи әнге қосып келеке қылуда.

[64] Уа, Жаратқан Ие, осы дұшпандарыма Істеріне тиісті жаза тартқызасың,

[65] Жаулардың жүректерін қасарыстырасың, Оларды қарғысыңа ұшыратасың,

[66] Уа, Ием, қаһарлана қудалайсың, Аспаныңның астынан аластатасың.

Жоқтау — Chapters