[1] Отызыншы жылдың төртінші айының бесінші күні мен Хобар өзенінің жағасына жер аударылып қоныстанған елдестеріммен бірге болдым. Сол кезде көк ашылып, Құдай маған көрсеткен көріністерді көрдім.
[2] Бұл, Ехониях патшаның жер аударылғаннан кейінгі бесінші жылының төртінші айының бесінші күні болатын.
[3] Сонда Жаратқан Ие халдейлердің еліндегі Хобар өзенінің жағасында маған, діни қызметкер Бузи ұлы Езекиелге, сөзін арнады. Сол жерде маған Жаратқан Иенің рухани құдіреті қонды.
[4] Қарасам, солтүстік жақтан бір алапат құйын келе жатыр екен. Ол найзағайы оттай жарқылдап тұрған, жан-жағынан жарқыраған нұрмен көмкерілген үлкен қалың бұлт екен. Ал оттың ортасы жылтыр қола іспетті жарқырап тұрды.
[5] От ішінен тіршілік иелеріне ұқсаған төрт нөкер көрінді. Олардың түр-тұрпаты адамдікіне ұқсас еді.
[6] Ал әр нөкердің төрт бет-әлпеті мен төрт қанаты бар болатын.
[7] Төрт нөкердің аяқтары түзу, ал аяқтарының басы торпақтікіне ұқсап, жылтыр қоладай жалтырап тұрды.
[8] Нөкерлердің төрт жағындағы әр қанатының астында бір-бірден адамның қолы болды. Әрқайсысының да төрт бет-әлпеті мен қанаты бар еді.
[9] Осылайша төрт нөкер еш бұрылмастан кез келген бағытқа тура жүре алды. Төртеуінің қанаттары бір-біріне тиіп тұрды.
[10] Нөкерлердің бет-әлпеттері мынадай болды: әрқайсысының алдыңғы бет-әлпеті адамның, оң жағындағысы арыстанның, сол жағындағысы бұқаның және артындағысы бүркіттің жүзі іспетті еді.
[11] Олардың бет-әлпеттері осындай болатын. Төрт нөкердің қанаттары жоғары қарай жайылып тұрды. Әр тірі тұлғаның екі қанаты жанындағы екі нөкердің қанаттарына тиіп тұрса, басқа екі қанаты оның өз денесін жауып тұрды.
[12] Төрт нөкердің әрқайсысы алдыңғы жағына қарай, еш бұрылмай-ақ рух қалаған бағытқа тура жүретін.
[13] Төрт нөкердің сырт кейпі лаулап жанып жатқан көмір шоғындай не жарқыраған алаудай еді. Осы от нөкерлердің арасында әрлі-берлі қозғалып, оттан найзағайлар жарқылдап тұрды.
[14] Нөкерлердің өздері де найзағайдың жарқылындай әрлі-берлі зымырап жүрді.
[15] Мен нөкерлерге қарағанда олардың жандарынан жерге тиіп тұрған төрт дөңгелекті көрдім. Нөкерлердің әрбіреуінің жанында бір-бір дөңгелектен болды.
[16] Төрт дөңгелек зүбәржат асыл тасы іспетті алтын түспен жарқылдап тұрды. Төртеуінің де сыртқы түрі мен жасалуы бірдей екен. Әр дөңгелектің ішінде өзімен қиылысқан екінші дөңгелегі болды.
[17] Нөкерлер қай бағытқа қозғалмасын, дөңгелектер де бұрылмай-ақ кез келген бағытқа жылжи алатын.
[18] Дөңгелектердің шеңберлері үлкен әрі қорқынышты болды. Төртеуі де айналдыра көздерге толы еді.
[19] Нөкерлер қозғалғанда, жандарындағы дөңгелектер де қозғалатын және нөкерлер жерден көтерілгенде, дөңгелектер де көтерілетін.
[20] Нөкерлердің рухы дөңгелектерде болатын. Сондықтан рух қайда бағыт алса, нөкерлер мен дөңгелектер де тұрып, солай қарай бірге жылжитын.
[21] Нөкерлер қозғалғанда дөңгелектер де қозғалатын, тоқтағанда, дөңгелектер де тоқтайтын, ал жоғары көтерілгенде, солармен бірге дөңгелектер де көтерілетін. Өйткені нөкерлердің рухы дөңгелектерде болатын.
[22] Нөкерлердің бастарының үстіңгі жағында шыныдай жалтыраған күмбез тәрізді бір әуе кеңістігі жайылып тұрды.
[23] Нөкерлер күмбез тәрізді кеңістіктің астында әр жағындағы бір қанатын бір-біріне созып, қалған екі қанатымен денелерін жауып тұрды.
[24] Нөкерлер қозғалғанда, мен қатты ағып жатқан судың гүріліндей, құдіреті шексіз Құдайдың дауысындай, әрі зор әскердің тұрағындағы ұрандаған атойдай қанаттарының сусылын естідім. Нөкерлер тоқтағанда қанаттарын түсіріп отырды.
[25] Ал енді, олар осылай қанаттарын түсіріп тыныш тұрған кезде, күмбез тәрізді кеңістіктің жоғарғы жағынан бір дауыс естілді.
[26] Сол кеңістіктің жоғарғы жағында саф көк асыл тастан жасалған таққа ұқсас бір нәрсе тұрды, ал оның үстінде сырт кейпі адамға ұқсас Біреу отырды.
[27] Оның денесі белінен жоғары қарай жалындап жалтыраған қоладай екенін әрі белінен төмен қарай оттай жарқырап тұрғанын көрдім. Және Оның айналасын жарқыраған нұр көмкеріп тұрды.
[28] Оның айналасындағы жарқыраған нұр жаңбырлы күні бұлттарда пайда болатын кемпірқосаққа ұқсас еді.