Жүніс 2
[1] Жаратқан Иенің бұйрығымен бір үлкен балық Жүністі жұтып қойды. Ол соның ішінде үш күн, үш түн бойы жатты.
[2] Жүніс балық ішінен Құдай Иесіне сиынып былай деп мінажат етті:
[3] «Қиын-қыстау кезімде, уа, Жаратқан Ием, Саған сиындым, жауап бердің де Сен. Сонда тұңғиықтың терең түкпірінен Көмек сұрап саған жалбарынған ем, Шақырған даусыма құлақ салдың да Сен.
[4] Мені тұңғиыққа, терең теңіздің Түбіне Сен лақтырған едің, Айналам түгел тек ағыстар болған, Соққылап қарқынды толқындарыңның Барлығы да өтті мына басымнан.
[5] Былай деп те айтқан болатынмын: Аластатылсам да көз алдыңнан, Киелі үйіңе қарамақпын қайтадан.
[6] Су басып, теңіз тартып құшағына Қорқытты, балдырлар оралып басыма.
[7] Су асты, тау түбіне түсіп қалдым, Сол жерге мәңгі қамалғандай болдым. Бірақ Сен, Жаратқан Ие, Құдайым, Жанымды тұңғиықтан алып қалдың.
[8] Көңілім құлазып, үміт өшкенде, Уа, Тәңір Ием, Сені алдым есіме, Мінажатым құлағыңа жетті де Сенің көктегі киелі үйіңде.
[9] Жарамсыз да жалған тәңірлерге Табынушылар безеді өздеріне Рақым көрсетпек болған Құдайынан.
[10] Ал мен Саған әнмен шүкірлік айтам, Сый-тарту ұсынып, антымда тұрам. Құтқарылу келеді тек Жаратқаннан!»
[11] Мұнан кейін Жаратқан Иенің бұйрығы бойынша балық Жүністі жағалауға құсып тастады.