Жүніс 3
[1] Содан соң Жаратқан Ие Жүніске екінші рет сөзін арнап:
[2] «Сапарға жиналып, ұлы қала Ниневиге бар! Менің өзіңе айтқан хабарымды халыққа жарияла!» деп тапсырды.
[3] Осы жолы Жүніс Жаратқан Иенің айтқанын екі етпей, жолға шығып, Ниневиге барды. Бұл аралап шығуға үш күн уақыт кететін өте үлкен қала еді.
[4] Жүніс қаланы аралай бастады. Күн ұзағына халыққа уағыз айтып: «Қырық күннен кейін Ниневи күйреп, тас-талқан болады!» — деп жариялап жүрді.
[5] Қала халқы Құдайдың хабарына сенді. Олар (күнәларына өкініп) ораза жариялап, үлкен-кіші барлық адамдар азалы киім киді.
[6] Ниневидің патшасы бұл туралы естігенде, ол да (күнәсіне опық жеп) тағынан түсіп, патшалық шапанын шешіп тастады да, азалы киім жамылып, күлге отырды.
[7] Содан ол Ниневи халқына патша мен оның уәзірлерінің атынан мына әмірін жариялатты: «Күллі халық ораза тұтсын! Барлық адамдар мен жануарлар, ірілі-ұсақты малдар азық пен сусыннан ауыз тимесін!
[8] Адам және жануар атаулы азалы киім мен жабу жамылсын! Әркім Құдайға қатты жалбарынып сиынсын! Бәрі де зұлым жолдарынан қайтып, қатыгез іс-әрекеттерінен бас тартсын!
[9] Мүмкін, сонда Құдай райынан қайтып, аяушылық танытып, қаһарын басар. Осылай біз пәледен аман қалармыз!»
[10] Құдай олардың істегендерін көріп, зұлым жолдарынан қайтқандарына көз жеткізді. Содан Ол халыққа аяушылық танытып, бәрін құртамын деген райынан қайтты.