[1] О, түйсіксіз аңқау ғалаттықтар-ай, сендерді біреу сиқырлап қойды ма? Иса Мәсіхтің айқыштағы өлімін көз алдарыңнан кетпестей етіп суреттеп беріп едім ғой!
[2] Маған мынаны ғана айтыңдаршы, Киелі Рухты қалай қабылдадыңдар: Таурат заңын орындау арқылы ма, әлде Ізгі хабарды тыңдап, сену арқылы ма?
[3] Сондай түйсіксіз бе едіңдер: рухани өмірді Киелі Рухпен бастап, өз күштеріңмен кемелденбек екенсіңдер ғой?
[4] Сонда қалай, бастарыңнан өткізгендеріңнің бәрі бекер болғаны ма? Ол шынымен бекер болмады, солай емес пе?
[5] Құдайдың сендерге өз Рухын беріп, араларыңда керемет істер жасағанының себебі — Таурат заңын орындауларың ба, әлде Ізгі хабарды тыңдап, сенулерің бе?
[6] Ыбырайыммен де солай болды: ол Құдайға сенді, сондықтан Оның алдында ақталды.
[7] Көздерің жетіп тұр: Тәңір Иеге сенім артқандар ғана — Ыбырайымның нағыз ұрпақтары.
[8] Киелі жазбалар Құдайдың басқа ұлттарды сенім арқылы ақтайтынын алдын ала білдірді. Ол Ыбырайымға: «Сен арқылы Мен барлық ұлттарды жарылқаймын» деген Ізгі хабарды мәлімдеді.
[9] Сондықтан Тәңір Иеге сенім артқандар ежелде Оған сенген Ыбырайым арқылы жарылқанады.
[10] Ал өздерінің Таурат заңын ұстанғандарына сүйенушілердің бәріне қарғыс тиеді! Сол туралы мынадай сөздер жазылған: Таурат заңының кітабындағы барлық ережелерді сақтап орындамағанды қарғыс атады!
[11] Ендеше Таурат заңын орындаған ешкімнің сол арқылы Құдай алдында ақтала алмайтыны анық. Өйткені «сенімі арқылы ақталған адам шынайы өмірге ие болады».
[12] Осы сенім жолы Таурат заңының жолынан өзгеше: соның ережелерін «бұлжытпай орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді».
[13] Алайда айқыш ағашқа шегеленіп ілінген кезде Мәсіх бізге тиісті қарғысты Өз мойнына алып, бізді Таурат заңы мәлімдеген қарғыстан құтқарды! Себебі Тауратта «ағашқа ілінген әркім Құдайдың қарғысына ұшырап тұрады» деп жазылған.
[14] Осылайша Құдай Ыбырайымға уәде еткен ақ батаны Иса Мәсіх арқылы басқа ұлттарға да берді. Енді Мәсіхке сенген бәріміз уәделенген Киелі Рухты сенім арқылы қабылдаймыз.
[15] Қымбатты бауырластар, күнделікті өмірден мысал келтірейін: бекітілген келісімнің күшін жоюға немесе оған бір нәрсе қосуға болмайды. Бұл жерде де солай:
[16] Тәңір Ие уәдесін Ыбырайымға және оның ұрпағына берді. Ол «ұрпақтарыңа» деп көпше түрде емес, «ұрпағыңа» деп жекеше түрде айтты. «Ұрпағың» Біреуді білдіреді, Ол — Мәсіх.
[17] Айтайын дегенім мынау: төрт жүз отыз жылдан кейін берілген Таурат заңы Құдай бұрын бекіткен Келісімнің күшін, яғни Оның Ыбырайымға Мәсіх жөнінде берген уәдесінің күшін, жоя алмайды!
[18] Себебі егер мұрагерлік Таурат заңына байланысты болса, онда ол уәде арқылы берілмес еді. Алайда Құдай мұраны Ыбырайымға рақыммен уәде етті.
[19] Онда Таурат заңының атқаратын қызметі қандай? Ол күнәларды әшкерелеу үшін қосымша ретінде берілді. Тәңірдің уәдесі Ыбырайымның Ұрпағы Мәсіхке байланысты; Ол келгенше, Таурат заңы күшінде тұрды. Періштелер мұны халыққа арада жүрген Мұса пайғамбар арқылы жеткізген еді.
[20] Ал жалғыз біреу іс жүргізетін болса, онда арада жүрушінің керегі жоқ: Ыбырайымға уәдені берген — Құдайдың жеке Өзі!
[21] Сонымен, Таурат заңы Құдайдың бұрын берген уәдесіне қайшы келіп тұр ма? Жоқ, мүлдем олай емес! Себебі егер мәңгілік өмірге қол жеткізетін заң берілген болса, онда адамдар оны орындап ақтала алар еді.
[22] Алайда Киелі жазбалар бүкіл адамзаттың күнәнің тұтқынында екенін мәлімдейді. Ондағы мақсат — Иса Мәсіхке сену арқылы табыс етілетін уәделі сыйдың (яғни күнәдан ақталудың) тек сенетіндерге ғана берілуі.
[23] Осы сенімнің заманы туып, келуге тиісті Мәсіхке сене алғанға дейін біз Таурат заңының бақылауында болып, тұтқынында жүрдік.
[24] Басқаша айтқанда, Таурат заңы «тәрбиелеушіміз» болып бізді Мәсіхке әкелді, осылай Оған сеніп, ақталдық.
[25] Ал енді, сенімнің заманы туғаннан бері «тәрбиелеушінің қарамағынан шықтық».
[26] Өйткені барлығың Иса Мәсіхке деген сенімдерің арқылы Құдайдың рухани баласысыңдар.
[27] Мәсіхпен тығыз байланысып, шомылдыру рәсімінен өткен бәрің де Мәсіхтің рухани қасиеттеріне бөлендіңдер.
[28] Бұл жерде яһуди мен басқа ұлт адамының, құл мен еріктінің, еркек пен әйелдің арасында айырмашылық жоқ, себебі барлығың Иса Мәсіхпен тығыз байланыста біртұтассыңдар.
[29] Және сендер Мәсіхтікі болғандықтан, Ыбырайымның рухани ұрпағысыңдар, әрі Құдайдың оған уәде еткен игіліктерін иемденесіңдер.