Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:57

[1] Бауырластар, араларыңдағы біреу күнә жасап қойса, сендер оны Киелі Рухтың жетелеуімен ілтипаттылық танытып түзу жолға қайтаруға ұмтылыңдар. Ал өздерің де азғырылудан сақ болыңдар!

[2] Біріңнің ауыр жүгіңді екіншің көтерісіңдер! Сөйтіп Мәсіхтің өсиетін орындайсыңдар.

[3] Кімде-кім шын мәнінде өзгелерден артық болмай тұрып, ерекшемін деп көкірегін көтеріп, көмектесуден бас тартса, сол өзін-өзі алдайды.

[4] Әркім өз іс-әрекетін тексерсін, сонда өзін басқалармен салыстырмай, жетістіктерін мақтан ете алады.

[5] Өйткені әр адам өз міндетін атқаруға тиіс.

[6] Құдай сөзінен тәлім алушылар қолда бар игіліктерін ұстаздарымен бөліссін!

[7] Алданбаңдар: Құдай адамның Оны елемей, өз бетімен жүруіне жол бермейді. «Адам не ексе, соны орады» дейді.

[8] Өзінің ескі күнәкар болмысын қанағаттандырушы сол болмысқа тән өлімді орады. Ал Құдайдың Рухына қызмет етуші осы Рухқа тән мәңгілік өмірді орады.

[9] Жақсылық жасаудан талмайық! Себебі бұдан шаршап, бас тартпасақ, тиісті уақытта оның игілікті өнімін Құдайдан қабылдайтын боламыз.

[10] Сондықтан мүмкіндік барда барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істей берейік!

[11] Енді сендерге өз қолыммен, үлкен әріптермен жазып отырғандарыма қараңдар!

[12] Адамдарға ұнағысы келетіндер сендерді сүндетке отыруға мәжбүр етпек. Олардың мақсаты — яһуди діндарлардың өздерін Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы арқылы ақталамыз деген Ізгі хабар үшін қудаламаулары ғана.

[13] Өйткені сүндеттелгендердің өздері Таурат заңын орындамайды, тек тәндеріңе жасаған сол рәсімге мақтанулары үшін сендердің сүндетке отыруларыңды қалайды.

[14] Мен болсам, Иеміз Иса Мәсіхтің айқыштағы өлімінен басқа еш нәрсеге де мақтанбай-ақ қояйын. Себебі Оның айқыштағы құрбандығының салдарынан осы күнәкар дүние мен үшін, ал мен ол үшін жоқпын.

[15] Енді сүндеттелу мен сүндеттелмеуде тұрған ештеңе жоқ, мәселе Құдайдың адамды жаңадан жаратуында.

[16] Осы ережемен өмір сүргісі келетіндердің бәріне, яғни «Құдайдың рухани Исраил халқына», тыныштық пен қайырымдылық болсын!

[17] Бұдан былай маған ешқайсыларың осы мәселемен ауыртпалық түсірмеңдер. Иеміз Исаның «таңбасы» ретінде денемдегі жараларымның орындары Оның басыбайлы қызметшісі екенімді білдіреді.

[18] Лайым жан дүниелерің Иеміз Иса Мәсіхтің рақымына кенеле берсін, бауырластарым! Аумин.

Ғалаттықт. — Chapters