Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:37

[1] Балалар, Иеміздің еркіне мойынсұнып, әке-шешелеріңнің тілін алыңдар, өйткені осылай істегендерің дұрыс.

[2] «Ата-анаңды сыйла!» Бұл, Құдайдың бір уәдемен байланыстырып берген алғашқы өсиеті:

[3] «Сонда жерде игілікті де ұзақ өмір сүретін боласың».

[4] Ал ата-аналар, балаларыңа шектен тыс ұрыспаңдар, керісінше, ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеңдер!

[5] Басыбайлы қызметшілер, Мәсіхке мойынсұнғандай, жер бетіндегі қожайындарыңа да шын жүректен мойынсұнып, жамандық жасаудан шошыныңдар!

[6] Айтқандарын тек көңілдерінен шығу үшін, олар сендерді бақылап тұрғанда ғана емес, ұдайы жан-тәндеріңмен орындай беріңдер! Осылай Құдайдың еркін Мәсіхтің қызметшісі ретінде іске асырыңдар!

[7] Сөйтіп қызметтеріңді адамға емес, Иемізге арнағандай ынтамен атқарыңдар.

[8] Мейлі басыбайлы, мейлі ерікті болсын, әркімнің істеген игі істерінің лайықты сыйын Иемізден алатынын біліп қойыңдар.

[9] Ал сендер, қожайындар, қызметшілеріңе осылай қарап, қатаңдықты жұмсартыңдар! Көкте олардың да, өздеріңнің де Қожайындарыңның бар екенін білесіңдер. Ол ешкімнің бет-жүзіне қарамайды.

[10] Соңында айтарым мынау, бауырластарым: Иемізбен тығыз байланыста жүріп, Оның құдіретінен қуат алып, нығая беріңдер!

[11] Шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс бере алуларың үшін Құдай берген «рухани қару-жарақпен» түгел жабдықталыңдар!

[12] Біз адам баласына қарсы емес, қазіргі қара түнектің әкімдері мен күштілеріне әрі дүниені билеп-төстеушілеріне: көзге көрінбейтін дүниедегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз.

[13] Сондықтан Құдай берген «рухани қару-жарақтың» бәрін асыныңдар! Сөйтіп зұлым күштер шабуыл жасаған күні қарсы тұрып, ақырына дейін күресіп, жеңіп шыға аласыңдар.

[14] Сонымен, шындықпен «белді бекем буып», әділдікті «сауыт қылып киіп», табанды тұрыңдар!

[15] «Аяқкиімдеріңді де киіп», татуласу туралы Ізгі хабарды таратуға дайын болыңдар!

[16] Бұларға қоса сенімдеріңді «қалқан қылыңдар», онымен шайтанның барлық «отты жебелерін» өшіріп тастай аласыңдар;

[17] құтқарылғандықтарыңды «дулыға етіп киіп» қорғаныңдар; Құдай сөзін «рухани семсер қылып ұстаңдар»!

[18] Киелі Рух арқылы әрдайым Құдайға сиынып, барлық өтініштеріңді айтып, рухани сергек те шыдамды болыңдар: Құдайдың бүкіл халқы үшін мінажат ете беріңдер!

[19] Сөйлеген сайын Ізгі хабардың құпиясын қаймықпай жариялауыма қажетті сөз аузыма түссін деп, мен үшін де мінажат етіңдер!

[20] Бұл хабарды жеткізуге жіберілген елші ретінде осы жерде бұғаудамын. Сондықтан оны тиісті түрде батыл жариялай алуымды Құдайдан тілеңдер.

[21] Сүйікті бауырымыз әрі Иеміздің адал қызметшісі Түхік менің жағдайым мен қызметім туралы білулерің үшін сендерге бәрін хабарламақ.

[22] Түхікті сол мақсатпен жіберіп отырмын. Ол жағдайымызды білдіріп, жүректеріңді жігерлендірмек.

[23] Лайым Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх барлық бауырластарға тыныштық, сүйіспеншілік және сенім сыйлай көрсін!

[24] Иеміз Иса Мәсіхті шын беріле сүйгендердің бәріне Құдай жар болып, рақымын жаудыра берсін!

Ефестікт. — Chapters