[1] Сонымен Иемізге қызмет еткеніме бола түрмеде жатқан мен сендерге Құдайдың өздеріңді шақыруына лайық өмір сүріңдер деп ескертемін.
[2] Барлық жағдайларда кішіпейіл, ілтипатты, бір-біріңе төзімді болып, сүйіспеншілік көрсетіңдер.
[3] Құдай Рухымен иемденген бірліктеріңді өзара байланыстырған татулық арқылы сақтауға ұмтылыңдар!
[4] Бәріміз біртұтас рухани денеміз, Құдайдың Рухы да Біреу, сол сияқты Құдай сендерді шақырғанда бірдей үміт берді.
[5] Иеміз бір, бір сенімдеміз, шомылдыру рәсіміміз де бірдей.
[6] Барлығымыздың бір Құдай Әкеміз бар, Ол бәрімізден үстем және бәріміз арқылы әрекет етіп, бәріміздің жүрегімізден орын алды.
[7] Ал әрқайсымызға Мәсіхтің рақым етіп үлестіріп берген ерекше рухани дарындарымыз бар.
[8] Сондықтан (Забурда) мына тәрізді сөздер жазылған: «Ол заңғар биікке көтерілді, көптеген тұтқындарды ертіп жүрді, әрі адамдарға тартулар сыйлады».
[9] «Ол заңғар биікке көтерілді» деген сөздің мағынасы қандай? Мәсіх алдымен төменге, жер бетіне түскен еді дегенді білдіреді.
[10] Соған түскен Мәсіх — аспаннан әлдеқайда жоғары орынға, «көктің ең биігіне», көтеріліп кеткеннің дәл Өзі. Осылайша Мәсіх бүкіл әлемге өз билігін орнатпақ.
[11] Ол рухани дарындар сыйлап, сенушілердің біреулерін елші, біреулерін пайғамбар, тағы басқаларын Ізгі хабарды таратушы, енді біреулерін қауымның рухани бағушысы немесе тәлімгері етіп тағайындады.
[12] Олар Құдайдың халқын өз қызметтерін атқаруға дайындауға тиіс. Соның нәтижесінде Мәсіхтің рухани денесі өсіп, күшейе бермек.
[13] Осылайша бәріміз бірге Құдайдың рухани Ұлына сеніп, Оны жақын білу арқылы Мәсіхтің кемелдігіне сай келетін біртұтас, жетілген қауым болмақпыз.
[14] Онда біз бұдан былай әрбір ой толқынына тәлкек болған жас баладай кез келген ағымдағы ілімге ілесуден, әрі қу, айлакер адамдардың алдап-арбауына еріп азғындық жолға түсуден аулақ боламыз.
[15] Қайта, бір-бірімізге шындықты сүйіспеншілікпен айтамыз және қауымның Басы — Иса Мәсіхпен тығыз байланысымызда жан-жақты өсіп жетілеміз.
[16] Сонда мүшелері үйлесіп, бірігіп жұмыс істеп тұрған бұл біртұтас рухани дене түгелдей өзінің Басы — Мәсіхке бағынады. Әрбір мүшесі өз міндетін атқарса, бүкіл дене өсіп, сүйіспеншілік арқылы күшейе береді.
[17] Иеміздің атынан сендерге мықтап айтып ескертемін: бұдан былай құдайсыз халықтардың түкке тұрғысыз ойларына сай өмір сүрмеңдер!
[18] Олардың санасын қараңғылық басып, жүректері шындықты білгілері келмей жақсылық атаулыға қарсы қасарысқан, сөйтіп Құдай беретін шынайы өмірден құр қалған.
[19] Мұндайлар ұяттан әбден безіп, жүгенсіздікке салынып, тойымсыз нәпсіқұмарлықпен әр түрлі азғындық істей береді.
[20] Бірақ сендердің Мәсіх туралы үйренгендерің мұндай емес еді ғой!
[21] Оның айтқандарын естіп, Онымен тығыз байланысып, шынайы тәлім алып келдіңдер. Себебі шындық Исада.
[22] Алдамшы құмарлықтарымен өмірлеріңді құртып келген ескі күнәлі болмыстарың мен бұған дейінгі өмір салттарыңды енді тастаңдар!
[23] Рухтарың мен ақыл-ойларың түгелдей жаңарсын;
[24] осылай Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділ де қасиетті адам болып өмір сүріңдер!
[25] Сондықтан өтірікті тастап, әрқайсың басқаларға шындықты айтыңдар! Бәріміз біріккен бір рухани дененің мүшелеріміз ғой.
[26] «Ашуланғанда күнә жасамаңдар!» деп (Забурда) жазылған. Күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар,
[27] сөйтіп шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермеңдер!
[28] Ұры болған енді ұрлық жасамасын, керісінше, адал еңбек етіп, тапқан табысынан мұқтаждарға үлестірсін.
[29] Ауыздарыңнан жаман сөз емес, жақсы сөз ғана шығып, тыңдап тұрғандардың сенімдерін жетілдіріп, игілік сепсін.
[30] Осылай Құдайдың Киелі Рухын ренжітуден аулақ болыңдар! Онымен «таңбаландыңдар»: өмірлеріңнен орын алған Киелі Рух — бір күні жамандық атаулыдан азат етілулеріңнің кепілі.
[31] Әрқилы кекшілдік, ашу-ыза, айқай-шу, қаралау, тағы басқа барлық жаман нәрселерден арылыңдар!
[32] Қайта, бір-біріңе мейірімді де жанашыр болыңдар; Мәсіхтің арқасында өздеріңді Құдай кешіргендей, сендер де өзара кешірімді болыңдар!