[1] Сонымен сүйікті рухани баласы ретінде Құдайдан үлгі алыңдар!
[2] Мәсіхтің бізді сүйіп, біз үшін Өзін құрбан еткеніндей, сендер де бір-біріңді сүйіп өмір сүріңдер! Оның өз жанын қиғаны Құдайға ұнамды, хош иісті құрбандық іспетті болды.
[3] Араларыңда неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық пен ашкөздіктің тіпті аттары да аталмасын. Құдайға бағышталған адамдарға бұлардан аулақ жүру лайық.
[4] Сендерге әдепсіздік жасау, ақымақ сөз бен тұрпайы қалжың айту емес, шүкірлік ету жарасымды.
[5] Мынаны біліп қойыңдар: неке адалдығын бұзатындар, ұятсыздар және ашкөз адамдар — жалған тәңірлерге табынушылар. Мұндайлардың ешқайсысына да Мәсіхтің және Құдайдың Патшалығында орын жоқ.
[6] Ешкім де сендерді өтірік сөздерімен алдамасын! Себебі Құдайға мойынсұнбайтындарға осы күнәлары үшін Оның қаһарлы соты төніп тұр.
[7] Сондықтан олардың іс-әрекеттеріне сыбайлас болмаңдар!
[8] Бұрын сендер түнек болдыңдар, ал енді Иемізбен байланысып, «нұрсыңдар»: ендеше «нұрдың адамдары» болып әрекет етіңдер!
[9] Ал нұрдағы өмірдің өнімі — нағыз игілік, әділдік, шындық.
[10] Құдай Иеге не ұнайтынын біліп алып,
[11] түнектегі адамдардың бекер істеріне араласпаңдар, қайта, оларды әшкерелеңдер!
[12] Мұндайлардың жасырын істейтіндерін айтудың өзі ұят.
[13] Ал түнекке нұр шашылса, ондағының бәрі анық көрінеді. Бар нәрсені әшкерелейтін — нұр.
[14] Сондықтан да былай деп айтылады: «Оян, ей, ұйқышыл, Рухани өлімнен тіріл! Мәсіх саған төгеді нұр».
[15] Сонымен парасатсыз емес, ақыл-парасатты өмір сүруге ерекше ден қойыңдар:
[16] жақсылық жасауға әр мүмкіндікті пайдаланыңдар, себебі қазіргі күндер зұлымдыққа толы.
[17] Сондықтан ақымақ болмай, Құдай Иенің еркін біліп алыңдар.
[18] Арақ-шарап ішіп, мас болмаңдар, бұл жүгенсіздікке апарады! Қайта, Киелі Рухқа кенеле беріңдер!
[19] Бір-біріңді Забур жырлары, мадақтау өлеңдері және Киелі Рух дарытқан әндер арқылы жігерлендіріп, Иемізді ән-күймен шын жүректен дәріптеңдер.
[20] Иеміз Иса Мәсіхтің атымен Құдай Әкеге қай нәрсе үшін де ұдайы шүкірлік етіңдер!
[21] Сендер Мәсіхті қастерлейтіндіктен, бір-біріңе мойынсұныңдар!
[22] Әйелдер, Иемізге мойынсұнғандай, күйеулеріңе де мойынсұныңдар;
[23] өйткені Мәсіхтің сенушілер қауымының Басы болғаны сияқты, еркек — әйелдің «басы». Мәсіх сенушілерді құтқарып алды, енді қауым — Оның рухани денесі.
[24] Қауымның Мәсіхке мойынсұнғанындай, әйелдер де барлық істе күйеулеріне мойынсұнуға тиіс.
[25] Күйеулер, Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым үшін жанын қиды!
[26] Оны Құдай сөзімен тазартып, қайта туғызып, қасиетті қылды.
[27] Сонымен қауым күйеуіне апарылған қалыңдықтай салтанатты да сұлу, ешбір дақсыз, ақаусыз, басқа да кемшіліксіз, қасиетті де пәк таза болсын.
[28] Дәл осылай жұбайларын өз тәніндей жақсы көру — күйеулердің міндеті. Әйелін сүйген өзін де сүйеді.
[29] Ешкім де өз тәнін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, баптап күтеді, Иеміз де қауымды солай қамқорлайды.
[30] Біздер Оның рухани денесінің мүшелеріміз.
[31] «Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады», — деп (Тауратта) жазылған.
[32] Осында терең сыр бар, мен мұны Мәсіхке және қауымға байланысты айтамын.
[33] Бірақ ол сендерге де қатысты: әрқайсың әйеліңді өзіңдей сүюге тиістісің, ал әр әйел күйеуін құрметтеуге міндетті.