[1] Сондықтан мен, Пауыл, басқа ұлттық сендерге Мәсіх Исадан жіберілдім, сол себептен тұтқындалдым да.
[2] Құдайдың өздеріңе арналған осы міндетті атқаруды рақымдылықпен маған жүктегенін, әрине, естідіңдер.
[3] Себебі Ол Өзінің құпия жоспарын маған ашып білдірді, бұны қысқаша баяндап жазып қойдым.
[4] Соны мұқият оқысаңдар, Мәсіх іске асыратын құпия жоспарды түсінгенімді ұға аласыңдар.
[5] Осы жоспар адамзаттың алдыңғы ұрпақтарына айтылмаған болатын, ал қазір Киелі Рух оны Құдайдың қасиетті елшілері мен пайғамбарларына ашып отыр.
[6] Оның мазмұны мынау: басқа ұлттар Ізгі хабардың арқасында яһуди сенушілерімен бірге Құдайдың жарылқауын қабылдайды және олармен бірге Мәсіхтің рухани денесінің мүшелері болып, Тәңір Иеміздің берген уәдесінен өз үлестерін алмақ.
[7] Құдай маған рақымын төгіп, Өзінің құдіретімен өмірімді өзгертіп, мені Ізгі хабарды уағыздайтын қызметшісі етіп қойды.
[8] Оның адамдарының ең лайықсызы болсам да, Құдайдың рақымымен Мәсіхтің шексіз зор рухани байлығы туралы басқа халықтарға уағыздау үлесіме тиді:
[9] әлемді жаратқан Құдайдың әуел бастан Өзінде құпия сақтап келген жоспарының қалай іске асырғанын жұртқа ашып беру менің міндетім болды.
[10] Құдайдың мұндағы ниеті — Өзінің жан-жақты даналығын көзге көрінбейтін дүниедегі билеушілер мен өктемдік иелеріне енді сенушілер қауымы арқылы ашып мәлім қылуы.
[11] Бұл Құдайдың Иеміз Мәсіх Иса арқылы іске асырған мәңгілік мақсатына сәйкес еді.
[12] Онымен байланысқан біз Оған деген сенімімізге бола көктегі Әкемізге еркін жақындап, сиынуға батылымыз жетеді.
[13] Сондықтан да сендерден өздерің үшін көрген азаптарыма бола жігерлеріңді жасытпауларыңды өтінемін. Себебі олар арқылы Құдайдың ұлылығына кенелесіңдер.
[14] Сол себептен мен сендер үшін Құдай Әкеміз алдында тізе бүгіп Оған сиынамын;
[15] көктегі және жердегі бүкіл әкелік бедел Оның атынан тарайды.
[16] Былай деп мінажат етемін: Құдай өз ұлылығының байлығына сәйкес Киелі Рухының арқасында жан дүниелеріңді Өзінің құдіретімен нығайта көрсін.
[17] Мәсіх сенімдерің арқылы жүректеріңе орныға көрсін,
[18] әрі рухани өмірлерің Оның сүйіспеншілігіне тамыр жайып, негізделсін. Осылай сендер Мәсіхтің сүйіспеншілігінің қаншалықты кең де көз жеткісіз терең және биік екенін Құдайдың бүкіл халқымен бірге түсіне алып,
[19] адам санасы жетпейтін осы сүйіспеншілікті танып білсеңдер екен. Сол арқылы Құдайдың рухани қасиеттері бойларыңа толықтай дари берсін!
[20] Ал Тәңір Иеміз бізге әсер ететін Өзінің құдіреті арқылы біз сұрағаннан немесе ойлағаннан әлдеқайда көп нәрселерді істей алады.
[21] Оның даңқы қауымда Мәсіх Иса арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, мәңгілік арта берсін! Аумин.