Нақұм 2
[1] Уа, Ниневи халқы, сені шашырататын басқыншы саған қарсы аттанып келе жатыр! Қамалыңды күзетіп, жолдарыңды қадағала! Беліңді бекем буып, бар күш-қайратыңды жинақта!
[2] Жаратқан Ие Яһуданың да, Солтүстік Исраилдің де салтанатын қайтадан қалпына келтіреді. Өйткені құртушы жаулары оларды талқандап, бау-бақшаларын да жермен-жексен қылған болатын.
[3] (Ниневиді шабуылдаған) жасақшылардың қалқандары қан қызыл түсті, сол мықты жауынгерлер қырмызы шапан жамылған. Соғыс күймелері шайқасқа келе жатқанда темірлері оттай жалт-жұлт етеді. Сарбаздар қарағай найзаларын сілтелеп шайқасқа дайын тұр.
[4] Соғыс күймелері қаланың көшелерімен құйындай жүйіткіп, алаңдармен зымырап, әрлі-берлі шапқылайды. Олар алаудай жалындап, найзағайдай жарқылдап зуылдайды.
[5] Қолбасшы өзінің таңдаулы жасақшыларына бұйрық береді. Олар жол бойында сүрінгенмен қаланың қабырғасына қарай асығып, сонда дәу қорғаныш қалқандарын орнатып қояды.
[6] Қыраттағы өзен қақпалары ашылып, топан су патша сарайын талқандайды.
[7] Ниневи халқы айдауға кетуі керек деп шешіліп қойылған. Оның күң қыздары көгершіндей күңіреніп, қайғыдан көкіректерін соққылайды.
[8] Ежелден Ниневи суға толы тоғанға ұқсайтын, бірақ қазір суы таусылып бара жатқандай, қала халқы қашып кетуде. «Тоқта, тоқта!» деген бұйрық берілсе де, ешкім артына бұрылмайды.
[9] Жау: «Күмісті олжалаңдар! Алтынды да әкетіңдер!» — деп шақырады. Қала қазыналарындағы қымбат бұйымдар сансыз көп!
[10] Ниневи тоналып, қиратылып, қаңырап бос қалады. Адамдар жүрексініп, тізелері дірілдеп, денелері қалтылдап, барлығының бет-жүздері аппақ қудай болады.
[11] Арыстанның апанындай болған қала енді қайда екен? Еркек, ұрғашы арыстандар іспетті балаларын азықтандырып, ештеңеден қаймықпай шарлап, жер бетін кезіп жүрген қатыгез халық қайда енді?
[12] Арыстан өзінің күшіктеріне жемтіктерін паршалап жеткілікті етіп әкеліп, ұрғашысын да қамтамасыз ететін. Ол апанын олжасы мен паршаланған жемтікке толтыратын.
[13] «Мен саған қарсымын, — деп ескертеді Әлемнің Иесі. — Мен сенің соғыс күймелеріңді өртеймін, семсер жас арыстандарыңды мерт қылады. Саған енді жер бетін олжалауға жол бермеймін. Сенің хабаршыларыңның паң дауыстары бұдан былай естілмейтін болады».