[1] Ендеше, араларыңдағы қастастық пен дау-жанжал қайдан шығады? Бойларыңдағы соғысып жатқан арам құмарлықтарыңнан туады емес пе?
[2] Сендер бір нәрсені аңсап, иемдене алмайсыңдар; сонда кісі өлтіретіндей жек көріп, қызғанасыңдар, алайда аңсаған нәрселеріңе қол жеткізе алмайсыңдар. Жанжалдасып, төбелесесіңдер, бәрібір иемденбейсіңдер, өйткені оны Құдайдан сұрамайсыңдар.
[3] Сұрасаңдар да, ие бола алмайсыңдар, себебі ізгі ниетпен емес, арам құмарлықтарыңды қанағаттандыру үшін сұрайсыңдар.
[4] Әй, опасыздар! Осы күнәкар дүниемен достасу Құдайға қастық екенін білмейтін бе едіңдер? Осы дүниемен дос болғысы келген әркім Құдайдың жауына айналады.
[5] Киелі жазбадағы мынадай сөздер бекер айтылды деп санайсыңдар ма: Өмірімізден орын алған Құдайдың Рухы жалғыз Құдайды ғана сүйіп, Оған түгелдей бағышталуымызды аңсайды.
[6] Ал Тәңір Ие бізге (арам құмарлықтарға қарсы тұруға) рақымын молынан сыйлайды. Сол себептен де Киелі жазбаларда мынадай сөздер бар: Құдай тәкаппарларға қарсылық жасайды, «ал езілген кішіпейілдерге рақымын сыйлайды».
[7] Сонымен, Құдайға мойынсұныңдар! Әзәзіл шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден қашып кетеді.
[8] Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды. Ей, күнәкарлар, қолдарыңды жамандық атаулыдан жуып тазартыңдар! Ей, екіойлы табансыздар, жүректеріңді орнықтырыңдар!
[9] Өкініп, зар еңіреп жылаңдар, күлкілерің қайғыға, қуаныштарың қасіретке айналсын!
[10] Жаратқан Иенің алдында бой ұсыныңдар, сонда Ол сендерді жоғарылатпақ.
[11] Қымбатты бауырластар, бір-біріңді жамандап қорлауды доғарыңдар! Бауырластарыңды жамандағандарың не үкімдегендерің — (Иеміздің сүйіспеншілік туралы) өсиетін қорлап үкімдегендерің. Ал өсиетті үкімдегенде оны орындаушы емес, соттаушы болып шығасыңдар.
[12] Өсиеттерді шығарушы да, соттаушы да — Біреу-ақ. Ол құтқара да, құрта да алады. Маңайыңдағыларды үкімдейтін соншама сен кімсің?
[13] «Біз бүгін-ертең пәлен қалаға барып, сонда бір жыл тұрып, сауда жасап, олжаға батамыз» дейтіндерің құлақ түріңдер:
[14] сендер тіпті күні ертең не болатынын білмейсіңдер! Өмірлерің неге ұқсас? Ол әншейін аз уақытқа көрініп, кейін ғайып болатын бу іспетті емес пе?
[15] Оның орнына «Иеміз бұйыртса, аман болсақ, біз мынаны істейміз, не ананы істейміз» дегендерің дұрыс.
[16] Ал сендер паңданып мақтанасыңдар. Мұндай даңққұмарлық атаулы жаман.
[17] Кім жасауға тиісті жақсылықты біле тұра жасамаса, сол күнәлі.