Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:59

[1] Құдайдың және Иеміз Иса Мәсіхтің басыбайлы қызметшісі Жақыптан дүние жүзіне тарап кеткен Исраилдің он екі руына дұғай сәлем!

[2] Бауырластарым менің, сендер алуан түрлі қиын сынақтарға ұшырағанда, бұл жайтты зор қуанышпен қабылдаңдар.

[3] Себебі сенімдеріңнің сыналып, берік те шынайы екендігінің дәлелденуі төзімділік тудыратынын білесіңдер.

[4] Тек төзімділіктерің іс жүзінде соңына дейін жетуге тиіс, сонда сендер рухани жағынан жетіліп те кемелденіп, ешбір кемшіліктерің қалмайды.

[5] Ал егер кейбіреулерің даналыққа мұқтаж болсаңдар, Құдайдан сұраңдар, Ол береді. Тәңір Иеміз еш жазғырмай-ақ бәріне жомарттықпен бере салады.

[6] Тек шүбәланбай, сеніммен Құдайдан сұрауларың керек. Себебі күмәнданған адам жел айдап, соқтығысқан теңіз толқынына ұқсас.

[7] Мұндай кісі Жаратқан Иеден бір нәрсе аламын деп күтпесін:

[8] ол — екіойлы, барлық іс-әрекетінде тұрақсыз адам.

[9] Қарапайым бауырластарың Құдай алдындағы жоғары дәрежесімен,

[10] ал бай адам қарапайым дәрежесімен мақтансын. Өйткені пенде шөп арасындағы жабайы гүл іспетті бірден құрып кетпек.

[11] Күн шығып, аптап ыстық басқанда шөп қурап, гүл де солып, бар сұлулығынан айырылады. Дәл солай, бай адам да бұ дүниедегі іс-әрекетімен шұғылданып жүргенде-ақ қалжырап, құрып кетпек.

[12] Қиын сынақты төзімділікпен басынан өткізіп жатқан әркім бақытты! Содан өтіп, сенімді екендігі дәлелденгеннен кейін, ол бәйге жүлдесіндей «шынайы өмірдің тәжін» иемденбек. Мұны Жаратқан Ие Өзін сүйгендерге сыйлауға уәде етті.

[13] Күнәға еліккен ешқайсың да: «Құдай мені еліктіреді» деп айтпаңдар! Құдай күнәға еш елікпейді де, ешкімді еліктірмейді де.

[14] Қайта, адамды өзінің құмарлықтары еліктіріп, ол солардың жетегінде кеткенде сынақтан өтеді.

[15] Сонда құмарлыққа берілсе, сол күнәні тудырады, ал күнә жасау рухани өлімге ұшыратады.

[16] Сүйікті бауырластарым, алданып қалмаңдар:

[17] көктегі Әкеміз берген қай нәрсе де игі. Нұр шашқан аспан денелерін жаратқан Ол бізге Өзінің мүлтіксіз жарылқауын жаудырады. Аспан денелерінің көлеңкелері қозғала бергенмен, Құдайда ешқандай тұрақсыздық жоқ.

[18] Ол шынайы хабары арқылы бізге мәңгілік өмір сыйлап, Өзінің жаңа жаратылысындағы тұңғыш рухани балалары болуымызды қалады.

[19] Ал енді, сүйікті бауырластарым, мынаны ескеріңдер: «Әркім тыңдауға жүйрік, ал сөйлеуге шабан, ашулануға баяу болсын».

[20] Ашу-ызаның жетегіндегі адам Құдайға ұнайтын әділ істерді жасай алмайды.

[21] Ендеше, өздеріңде қалған барлық арамдық пен жамандық атаулыны тастаңдар, жүректеріңе себіліп жатқан Ізгі хабарды кішіпейілділікпен қабылдаңдар! Ол сендерді күнәнің құлдығынан құтқара алады.

[22] Құдайдың айтқандарын құр естуші ғана болмай, оларды іске асырушы болыңдар! Әйтпесе өздеріңді-өздерің алдайсыңдар.

[23] Өйткені Тәңір Иенің хабарын естігенмен, оны іске асырмайтын адам айнаға қарап, бет әлпетін көрген біреуге ұқсайды:

[24] ол өзіне байыппен қарайды, бірақ былай шыға бере-ақ өз түрін ұмытып қалады.

[25] Ал кім кемелді тәлімге, яғни күнәнің құрсауынан азат ететін Ізгі хабарға, ұқыпты ден қойып, онысын ұдайы жалғастыра берсе, сол ұмытшақ тыңдаушы емес. Қайта, ол естігендерін жүзеге асырушы болып, іс-әрекетінде жарылқанбақ.

[26] Өзін діншілмін деп санағанмен, тіліне ие бола алмайтын әркім өзін-өзі алдап жүр. Оның діншілдігі еш пайдасыз.

[27] Құдай Әкеміздің алдындағы таза да мінсіз діншілдік мынау: мұқтаждық көрген жетім-жесірлердің қамын ойлау және өзін осы дүниелік арамдықтардан кіршіксіз пәк ұстау.

Жақыптың — Chapters