Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:43

[1] Бауырластарым менің, бәрің бірдей тәлім беруші болуға ұмтылмаңдар! Иеміздің бізге, тәлім беретіндерге, басқалардан гөрі қатаңырақ төрелік айтатынын білесіңдер.

[2] Бәріміз де көп қате жібереміз. Ал кім сөзінде қате жібермесе, сол — денесін тұтастай меңгере алатын жетілген адам.

[3] Мініс атын өз еркімізге көндіру үшін жай ғана ауыздық салып, бүкіл денесін бағындырып, бағыттаймыз.

[4] Немесе мысалға теңіз кемесін алайық. Ол қаншама үлкен болса да, күшті желмен ыққанда өте кішкентай тұтқасымен басқарылып, оны ұстап тұрған кісінің қалаған бағытына жүреді.

[5] Сол сияқты, тіл де дененің кішігірім мүшесі бола тұра, ғаламат нәрселермен мақтанады. От ұшқыны қаншама майда болса да, қалың орманды өртеп жібере алады!

[6] Тіл де от іспетті, әділетсіздік тудырғыш. Дене мүшелерінің арасында орналасқан ол бүкіл денемізді арамдап, өзі тозақ отынан тұтанып, бар өмірімізді де өртеп, құрта алады.

[7] Әртүрлі аңдар мен құстарды, бауырымен жорғалаушылар мен теңіз жануарларын адам өз еркіне бағындырып келді және бағындыруда.

[8] Алайда адамдардың ешқайсысы да өз тілін бағындыра алмайды! Тіл — бағынуға көнбейтін жаман нәрсе, кісі өлтіретін уға толы.

[9] Біз тілімізбен Жаратқан Ие — Құдай Әкеге алғыс айтып, Оны дәріптейміз. Алайда Құдай рухани жағынан Өзіне ұқсас етіп жаратқан адамдарды сол тілімізбен қарғаймыз да!

[10] Осылайша алғыс та, қарғыс та бір ауыздан шығады. Бауырластарым менің, бұлай болмасын!

[11] Бұлақ көзінен бір мезгілде тұщы да, ащы да судың шығуы мүмкін бе?

[12] Бауырластарым, ойлаңдаршы: өрік ағашы зәйтүн жемісін немесе жүзім бұтасы өрік жемісін бере ала ма? Әрине, бермейді. Дәл сол сияқты, ащы су шыққан бұлақтан тұщы су да шықпайды.

[13] Араларыңдағы қайсың парасатты да саналысың? Сондай адам онысын үлгілі мінез-құлқымен, парасатты инабаттылығымен көрсетсін.

[14] Ал егер жүректерің удай қызғанышқа толып, қара бастарыңның абыройын ойласаңдар, онда даналықтарыңа мақтанбаңдар, әйтпесе шындықты бұрмалайсыңдар.

[15] Мұндай жалған «даналық» көктен келмейді. Керісінше, ол осы күнәкар дүниеге, өз бетімен жүрген ескі болмысымызға және жын-перілерге тән.

[16] Қай жерде қызғаныш пен қара бастың абыройын ойлау болса, тәртіпсіздік пен зұлымдық атаулы да сол жерде.

[17] Көктен келген даналық адамды ең алдымен пәк таза қылады, содан кейін оны ынтымақшыл, төзімді, ымырашыл, қайырым мен игі істер жасағыш, ешкімді алаламайтын әділ қылып, екіжүзділіктен арылтады.

[18] Татуластырушылар «тыныштық тұқымын» себушілер іспетті. Бұл «тұқымның» жемісі болып әділ мінез-құлық орнығады.

Жақыптың — Chapters