[1] «Ал енді, пендем, Исраилдің тауларына хабарымды жеткізіп былай де: Уа, Исраилдегі таулар, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар!
[2] Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Жау сендер туралы: «Әп, бәлем, өздеріңе сол керек! Сол ежелгі қырат-қырқалар да иелігімізге көшті!» деп табалаған еді.
[3] Сондықтан былай деп Менің хабарымды жеткіз: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Олар сендерді қаңыратып бос қалдырып, жан-жақтан бас салып жаншып тастаған еді. Сендер өзге халықтардың меншігіне айналып, олардың мазағы мен зұлым өсегіне қалдыңдар.
[4] Сол себептен тыңдаңдар, уа, Исраилдің таулары! Жаратушы Тәңір Иенің мына сөзіне құлақ түріңдер: Жаратушы Тәңір Ие айналадағы басқа халықтарға олжа болып, олардың мазағына айналған Исраилдің тау-төбелеріне, сай-салалары мен аңғарларына, қаңыраған далалары мен елсіз қалған қалаларына сөзін арнайды.
[5] Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Бүкіл Едом халқы мен қалған басқа ұлттар Менің меншікті жерімді қатты қуанып, қорлап тартып алып, талан-таражға салды. Сондықтан Мен лаулаған ашуыммен оларға қарсы сөйледім.
[6] Сол себептен Исраил елі туралы хабарымды жеткізіп, оның тау-төбелеріне, сай-салалары мен аңғарларына былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Біліп қойыңдар, сендер басқа ұлттардың масқаралауынан зардап шеккендіктен Мен лаулаған ашу-ызамен сөйлеймін!»
[7] Ендеше Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Сендердің айналаларыңдағы басқа ұлттардың өздері де масқара болады! Осыны салтанатты түрде ант етіп айтамын.
[8] Ал сендер, Исраилдегі таулар, енді беткейлеріңдегі ағаш-бұталарыңның бұтақтарын жан-жаққа жайып өсіріп, Менің халқым Исраил үшін жемістеріңді молынан бересіңдер. Өйткені халқым жақында еліне қайтады!
[9] Біліп қойыңдар, Мен сендерге назар аударып, қамдарыңды ойлаймын. Жерлерің қайтадан өңделіп, оған егін егілмек.
[10] Мен өздеріңдегі адамдарды, бүкіл Исраил халқын, көбейтемін. Қалаларға тұрғындар қоныстанып, қаңыраған жерлерге қайтадан үйлер салынбақ.
[11] Мен өздеріңдегі халыққа қоса мал санын да молайтамын, олар өсіп-өніп, көбейетін болады. Сөйтіп Мен сендерге баяғы замандағыдай адамдарды қоныстандырып, өздеріңді бұрынғыдан да бетер өркендетемін. Сонда Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар.
[12] (Уа, Исраилдегі таулар) осылайша Мен қайтадан өздеріңде адамдарды, яғни өз халқым Исраилді, аяқ басып жүретін қыламын. Олар сендерді иемденіп, өз мұралық жерлері етеді. Енді қайтып сендер халқымды ұрпақтарынан айырмайтын боласыңдар.
[13] Иә, Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны да айтады: Біреулер сендерді: «Адамдарды жалмап, өздеріңдегі халықты балаларынан айырасыңдар!» деп қорлаған еді.
[14] Сондықтан бұдан былай адамдарды жалмап, өздеріңдегі халықты балаларынан айыруды доғарасыңдар!» — Жаратушы Тәңір Ие осыны мықтап ескертеді.
[15] «Басқа халықтардың өздеріңе тіл тигізіп, қорлаған сөздерін бұдан былай естіртпеймін. Сендер енді өзге ұлттардың масқаралауына қалмайсыңдар, әрі өздеріңдегі халықты сүріндіріп күнәға батырмайсыңдар», — деп уәде етеді Жаратушы Тәңір Ие.
[16] Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
[17] «Ей, пендем, Исраил халқы елін мекендеген кезде олар елді өздерінің салт-дәстүрлерімен және іс-әрекеттерімен арамдайтын. Олардың сол істері Мен үшін қанмен былғанған шүберектей жиренішті де лас болды.
[18] Себебі Исраил халқы жазықсыз адамдардың қанын төгіп, жалған тәңірлеріне табынып осы елді арамдады. Сондықтан да Мен халықтың үстіне қаһарымды төктім.
[19] Мен халықты бөтен ұлттардың арасына шашыратып жіберіп, олар түрлі елдердің ішіне тарап кетті. Оларға жаман салт-дәстүрлері мен зұлым іс-әрекеттеріне сәйкес осы үкімді шығардым.
[20] Бірақ халқым қай ұлттардың жерлеріне бармасын, олар жайлы: «Бұл — Жаратқан Иенің халқы, әйтсе де, олар Оның жерінен кетуге мәжбүр болды!» делініп, Менің қасиетті есімім қорланды.
[21] Сонда Мен Исраил халқы жер аударылған өзге халықтардың арасында қорлыққа ұшыраған өз қасиетті есімімнің қамын ойладым.
[22] Сондықтан Исраил халқына хабарымды жеткіз: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Уа, Исраил халқы, Мен енді әрекет етемін. Бірақ сендерге бола емес, Өзімнің қасиетті есіміме бола солай істеймін. Сендер жер аударылып барған халықтардың арасында есімімді қорлыққа ұшыраттыңдар.
[23] Бірақ Мен өздерің халықтардың арасында қорлаған ұлы есімімнің қандай киелі екенін көрсетемін! Осылайша Мен халықтардың көз алдында Өзімнің киелілігімді араларыңда көрсеткенімде олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады», — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие.
[24] Өйткені Мен сендерді халықтардың арасынан шығарып, барлық елдерден жинап, өз елдеріңе алып келмекпін.
[25] Мен сендерге таза су бүркіп сепкендей, өздеріңді арамдаған бүкіл былғаныштарыңнан тазартамын. Сендерді барлық арамдықтарыңнан әрі табынып келген тәңірсымақтарыңның бәрінен арылтамын.
[26] Өздеріңе жаңа жүрек сыйлап, бойларыңа жаңа рух дарытамын. Көкіректеріңнен тас жүректі алып тастап, орнына сезімтал жүрек сыйлаймын,
[27] әрі бойларыңа өз Рухымды дарытамын. Осылай сендерді бұйрықтарыма сәйкес өмір сүріп, ережелерімді мұқият орындайтын қыламын.
[28] Сендер Мен ата-бабаларыңа табыстаған елді қайтадан мекендеп, Өзімнің халқым боласыңдар, ал Мен Құдайларың боламын.
[29] Осылай сендерді барлық арамдықтарыңнан арылтамын. Мен егінді мол етіп өсіріп шығарамын. Бұдан былай сендерге ашаршылық жібермеймін.
[30] Ендігәрі ашаршылыққа ұшырап, басқа халықтардың арасында масқара болмауларың үшін Мен ағаштардың жемістерін және егістіктердің өнімін мол қыламын.
[31] Сонда сендер бұрынғы әділетсіз жолдарың мен зұлым істеріңді естеріңе аласыңдар. Сол арам да жексұрын іс-әрекеттерің үшін өз-өздеріңнен жиренетін боласыңдар!
[32] Әрине, Менің жасаған осы жақсылықтарымның себебі өздеріңнің соған лайықты екендіктерің емес! — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. — Сендер мұны біліп қойыңдар! Уа, Исраил халқы, істеген зұлым істеріңе шын жүректен ұялып өкініңдер!»
[33] Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Мен сендерді әділетсіз істеріңнің арамдығынан тазартқан кезде қалаларыңды халықпен қоныстандырып, қираған елді мекендеріңді қайтадан тұрғызамын.
[34] Ел ішімен өтіп бара жатқандар бұдан былай оның қаңырап бос жатқанын емес, жыртылып өңделгенін көреді.
[35] Содан олар: «Мына жер бұрын қаңырап бос жататын еді, ал енді ол пейіш бағындай болып кетіпті. Бұрын қирап, елсіз қу медиен болған қала орындары мекенделіп, бекіністі қалаға айналыпты!» дейтін болады.
[36] Сонда айналаңда қалып отыратын халықтар қираған жерлерді қайта тұрғызған әрі қаңырап қалған далаға қайтадан бау-бақша отырғызған Өзім, Жаратқан Ие, екенімді білетін болады. Осыны Мен, Жаратқан Ие, кесіп айтамын әрі жүзеге асырамын да!»
[37] Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Мен Исраил халқының өтінішіне жауап беріп, олар үшін мынаны істеймін: халықты отардағы қойлардың көбейгеніндей мейлінше көбейтемін.
[38] Қасиетті мейрамдардың кезінде Иерусалим Өзіме құрбандыққа шалынуға бағышталған ұсақ малдарға толып кетеді. Дәл солай әзірше қирап жатқан қалалар да халыққа толады. Сонда бәрі де Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».