[1] Сендер мен лаудікиліктер үшін және менімен әлі де жүздеспегендердің бәрі үшін қаншалықты күресіп жүргенімді білдіргім келеді.
[2] Күресімнің мақсаты — сендердің жүректеріңнің жігерленіп, сүйіспеншілікпен рухани бірлесулерің, сөйтіп Құдай Әкеміздің Мәсіх туралы құпия хабары жөнінде терең де бай түсінік алып, оны түгел тануларың.
[3] Ал Мәсіхте Құдайдың даналығы мен білімінің бүкіл қазынасы жатыр.
[4] Мен мұны ешкім сендерді ақылға қонымды болып көрінген сөздерімен алдап кетпесін деп айтып отырмын.
[5] Тәніммен қастарыңда болмасам да, рухыммен орталарыңда тұрып, сендердегі ынтымақты, Мәсіхке деген берік сенімдеріңді көріп, қатты қуанамын.
[6] Сендер Иеміз Мәсіх Исаны қалай қабылдаған болсаңдар, солай Онымен тығыз байланыста жүріңдер!
[7] Негіздерің Мәсіхте болып, терең тамыр жайып, өсе беріңдер; өздеріңе үйреткен сенімді мықтап ұстанып, Құдайға шексіз алғыс айтатын болыңдар!
[8] Қайдағы біреу пәлсапасымен, пайдасыз ілімімен сендерді өзіне баурап алмасын, байқаңдар! Адамдар ойлап шығарған аңызға негізделген ондай ілім Мәсіх туралы емес, әлемдегі тұрпайы рухани күштер туралы үйретеді.
[9] Ал Құдайдың бүкіл болмысы Мәсіхтің бойында тұрады!
[10] Сендер Мәсіхпен тығыз байланысып, рухани игіліктерге толықтай ие болдыңдар. Ол күллі билік пен өктемдікке басшылық етеді.
[11] Мәсіхпен тығыз байланысқандықтан сендер «рухани сүндеттелдіңдер» де. Бұл — қолмен істелген тәннің сүндеттелуі емес, Мәсіхтің «рухани сүндеттеуі», яғни Оның ескі күнәкар болмыстарыңды түгелдей алып тастауы.
[12] Сендер Мәсіхпен бірге рухани тұрғыдан «жерлендіңдер» әрі Мәсіхпен бірге «қайта тірілдіңдер». Бұл Құдайдың Мәсіхті Өзінің құдіретімен өлімнен қайта тірілткеніне деген сенімдерің арқылы болды. Шомылдыру рәсімінен өткендерің соны білдіреді.
[13] Бұрын сендер Құдайдың бұйрықтарын бұзып, «рухани сүндеттелмеген», яғни күнәкар болмыстарыңа тәуелді болып, рухани тұрғыдан өлі едіңдер. Алайда Құдай сендерді Мәсіхпен бірге қайта тірілтіп алды. Ол күллі күнәларымызды кешірді:
[14] бізге айып тағып, үкім белгілейтін «құжатты» Мәсіх құрбан болған айқышқа «шегелеп іліп қойып», күшін жойды.
[15] Осылайша Құдай рухани билеушілер мен әміршілердің күш-қуатын талқандап, оларды бүкіл әлем алдында әшкерелеп, Мәсіхтің істегендері арқылы жеңіп шықты.
[16] Сондықтан ешкім сендерді белгілі тағамдар мен сусындарды ішкендерің, немесе бір мерекені, айдың басын не діни демалыс күнін сақтамағандарың үшін айыптамасын!
[17] Өйткені осындай ережелер — келуге тиісті нәрсенің әлсіз нұсқасы ғана: шынайы жарылқауды Мәсіхтің Өзі алып келді.
[18] Орынсыз кішіпейілділік танытып періштелерге табынуларыңды талап ететіндер сендерді кінәламасын! Осындайлардың ақыл-ойларын өз күнәкар болмыстары билейді, ал беделдері өздері ешқашан көрмеген нәрселерге негізделген. Олар ешбір себепсіз кеуделерін көтеріп,
[19] қауымның Басы — Иеміз Мәсіх туралы ілімді ұстанбайды. Ал өзара буындармен, сіңірлермен нығайып, тұтасқан тәндік дененің өсуін бастың басқаратыны сияқты, бүкіл қауымның Құдайдың қалағанындай рухани өсуін де Мәсіх басқарады.
[20] Өлі денеге ешқандай бұйрық жүрмейтіні секілді, сендер Мәсіхпен бірге рухани өлгендіктен осы дүниедегі бастапқы ілімдерге бағынбауға тиістісіңдер. Ендеше сендер әлі де осы күнәкар дүниеге жататындай, неліктен мынадай ережелерге бағынасыңдар:
[21] «Сол нәрселерді қолға ұстама, ана тағамдарды ішіп-жеме, ол заттарға қол тигізбе!»
[22] Бұлардың бәрі түбі қолдану барысында жоқ болатындар ғой. Ондай парыздар мен ілімдер адам ойынан шыққан.
[23] Олар кісінің өз бетімен құлшылық етіп, кішіпейілділік танытып, тәнін қатаң тәртіппен ұстауын талап етулеріне бола дана болып көрінеді. Алайда олар адамды ізгілікке жетелемей, оның күнәкар болмысының құмарлықтарын қанағаттандыруына жол береді.