[1] Ал сен, балам менің, Мәсіх Исаның сыйлайтын рақымымен күшейе бер.
[2] Өзің менен естіп, көптеген кісілер растаған шынайы ілімді басқаларға да тәлім беруге қабілеті бар, сенімді жандарға аманатта!
[3] Иса Мәсіхтің «адал сарбазы» ретінде азаптарды бірге көр!
[4] Есіңде болсын: ешбір сарбаз тұрмыстық істермен шырмалмайды, қайта, қолбасшысының көңілінен шығуға ұмтылады.
[5] Сондай-ақ, балуан күрес тәртібін бұзса, жүлдені жеңіп ала алмайды.
[6] Жиналған өнімнен үлесін ең алдымен жан сала еңбектенген диқан алуға тиіс.
[7] Айтқандарым туралы ойлана бер, сонда Құдай саған бәріне түсінік береді.
[8] Дәуіттің ұрпағынан шыққан, өлімнен қайта тірілген Иеміз Иса Мәсіхті әрдайым есіңде ұста! Мен уағыздаған Ізгі хабар — осы.
[9] Соған бола азап шегіп, қылмыскердей бұғауланудамын. Алайда Құдайдың сөзі бұғаулы емес!
[10] Сондықтан мен Құдайдың таңдаған адамдары үшін, олардың да Иса Мәсіх арқылы құтқарылып, мәңгілік ұлылықты иемденулері үшін бәріне де төземін.
[11] Мынау — дәл айтылған, шынайы сөз: «Егер Мәсіхпен бірге өлген болсақ, Онымен бірге өмір сүретін де боламыз.
[12] Егер қиыншылықтарға төзе берсек, Онымен бірге патшалық ететін де боламыз. Ал егер Мәсіхті мойындаудан бас тартсақ, Ол да бізді мойындаудан бас тартпақ.
[13] Біз айтқанымызға адал болмасақ, Ол айтқанына адал болып қала береді, Өз болмысымен келіспейтінді Ол істемейді».
[14] Осыларды бәрінің есіне түсіріп, сөздер туралы айтыспасын деп Құдай алдында мықтап ескерт. Ондай айтыстардан ешқандай пайда жоқ. Қайта, олар тыңдағандардың сенімдеріне зор нұқсан келтіреді.
[15] Сен кінәратсыз жұмысшы — Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші ретінде Оған ұнамды болуға жан сала ұмтыл!
[16] Жай, бос әңгімелерден аулақ жүр. Бұларды айтатындар Құдайдың адал жолынан одан бетер адасып кетеді.
[17] Олардың сөздері қабынған жарадай жайыла беріп, рухани денені құртпақ. Солардың арасында Үменей мен Філет те бар.
[18] Олар шындық жолынан тайып, «Қайта тірілу болып кетті», — деп жариялап, кейбіреулердің сенімдерін жоюда.
[19] Бірақ Құдайдың салған негізі берік тұрады, онда мына сөздер «мөрленіп» жазылған: «Иеміз Өзінікі болған адамдарын жақсы біледі» және «Иеміздің атын атап сиынатын әркім жамандықтан алшақтасын!»
[20] Бір үлкен үйде алтын мен күмістен ғана емес, ағаш пен қыштан жасалған ыдыс-аяқтар да бар: алдыңғылары қадірмен тұтылса, соңғылар қадір-құрметтен ада. (Сол сияқты, қауымның көптеген мүшелері игі істерімен Құдайды құрметтесе, басқалары жамандықтарымен Оның даңқы мен ісіне нұқсан келтіреді.)
[21] Сол себепті, кім өзін соңғылардан арылтып таза ұстаса, қадірлі ыдыстар іспетті Қожайынына бағышталған, пайдалы және әрбір ізгі істер үшін қолданылуға дайын болады.
[22] Сонымен жастықтың құмарлықтарынан бас тартып, пәк жүрекпен Иемізге сиынатындардың бәрімен бірге әділдік, сенім, сүйіспеншілік және татулыққа ұмтыл.
[23] Ақылсыз, мәнсіз айтыстардан аулақ бол, олардың дау-жанжал туғызатынын білесің ғой.
[24] Жаратқан Иенің қызметшісінің жанжалдасуына болмайды. Ол бәріне бірдей жылы жүзді, жақсылап тәлім беретін, сабырлы болып,
[25] қарсыластарын ілтипаттылықпен түзету қажет. Мүмкін болса, Құдай оларды өкіндіріп, шындықты мойындатар.
[26] Осылайша олар ақылға келіп, өзінің еркіне бағындыру үшін ұстап алған шайтанның тұзағынан босап, құтыла алмақ.