Skip to content
Opens in a new window

[1] Сонымен Сүлеймен Жаратқан Иенің киелі үйіне байланысты барлық жұмыстарды тамамдады. Мұнан кейін ол әкесі Дәуіттің Құдайға бағыштап дайындап кеткен нәрселерін де: күміс, алтын және түрлі бұйымдар мен жиһаздардың бәрін Құдайдың үйінің қазынасына апарып, сонда сақтап қойды.

[2] Сүлеймен Жаратқан Иенің Келісім сандығын Сион төбесіндегі Дәуіттің шаһарынан киелі үйге көшіруге арналған салтанатқа қатысуға Исраил халқының ақсақалдарын, барлық рубасылары мен әулет басшыларын Иерусалимге шақырды.

[3] Бүкіл Исраилдің адамдары жетінші айдағы Күркелер мейрамының кезінде патшаның қасына жиналды.

[4] Елдің барлық ақсақалдары жиналғаннан кейін леуіліктер Келісім сандығын тұрған орнынан көтеріп алып кетті.

[5] Олар Келісім сандығымен бірге киелі шатырды және соның ішіндегі барлық жиһаз-жабдықтарды да көтеріп алып, жаңа ғибадатханаға қарай өрлеп бара жатты. Бұларды діни қызметкерлер мен өзге леуіліктер алып жүрді.

[6] Сүлеймен патша мен қасына жиналған күллі исраилдіктер Келісім сандығының алдында ешкім санап шыға алмайтындай көптеген қой-ешкі мен мүйізді ірі қара малдарды құрбандыққа шалып ұсынды.

[7] Осылайша діни қызметкерлер Жаратқан Иенің Келісім сандығын киелі үйдің ең қасиетті бөлмесіндегі өз орнына — екі керуб мүсінінің қанаттарының астына алып барып, орналастырды.

[8] Екі керуб мүсіні Келісім сандығы тұратын орынның үстінен қанаттарын жайып, Келісім сандығының өзін және оны көтеріп алып жүру үшін сандыққа бекітілген сырықтарын жауып тұрды.

[9] Сырықтардың ұзын болғаны сонша, олардың ұштары ең қасиетті бөлменің алдынан көрініп тұратын еді. Алайда киелі үйдің сыртынан оларды ешкім көре алмайтын. Сырықтар әлі күнге дейін сонда.

[10] Келісім сандығының ішінде Мұса пайғамбар Хориб тауында салған екі тас тақташа ғана болды. Жаратқан Ие сол жерде Мысырдан көшіп шыққан исраилдіктермен Келісім жасасқан еді.

[11] Мұнан кейін діни қызметкерлер киелі үйден шықты. Барлық діни қызметкерлер топтарының кезегіне қарамай-ақ өздерін Құдайдың қызметіне арнап, тазару рәсімінен өтіп, дайындалып алған болатын.

[12] Ақ бәтестен тігілген киім киіп алып, құрбандық үстелінің шығыс жағында тұрған барлық леуілік әнші-күйшілер: Асап, Хеман және Едутун өз ұлдары және бауырластарымен бірге даңғыра, жетіген мен шертерде ойнап, жүз жиырма діни қызметкер де кернейлерін тартып жатты.

[13] Кернейшілер мен әнші-күйшілер бірігіп бір дауыспен Жаратқан Иені мадақтап, Оған шүкірлік айтты. Олар даңғыра, жетіген және шертердің сүйемелдеуімен ән-жыр айтып Жаратқан Иені былай деп дәріптеді: «Жаратқан Иеміз сондай ізгі, Мәңгі ұласады Оның мейірімі!» Сонда киелі үй Жаратқан Иенің бұлт іспетті нұрлы салтанатына кенелді.

[14] Діни қызметкерлер енді сол жерде тұрып, міндеттерін орындай алмады, себебі Құдайдың киелі үйі Жаратқан Иенің нұрлы салтанатына кенелген болатын.

Шежірелер 2-ж — Chapters