[1] Асаның ұлы Жосапат оның орнын басып Яһудаға патшалық құрды. Жосапат өзінің Солтүстік Исраилдің алдындағы жағдайын күшейту мақсатымен
[2] Яһуданың қамалды қалаларында әскери бөлімдерді орналастырды. Патша бүкіл Яһуда жерінде, сондай-ақ, әкесі Аса кезінде Ефрем руының жерінен басып алған қалаларда да өз қарауылдарын қойды.
[3] Ежелде арғы атасы Дәуіт жүрген тура жолдан Жосапат та таймағандықтан, Жаратқан Ие оған жар болды. Жосапат Бағал есімді тәңірсымақтың мүсіндеріне емес,
[4] марқұм әкесінің сиынған Құдайына бет бұрып мойынсұнды. Осылай патша Жаратқан Иенің өсиеттерін орындап, Солтүстік Исраил халқының зұлым іс-әрекеттерін істеген жоқ.
[5] Содан Жаратқан Ие Жосапаттың қолындағы патшалық билікті нығайтып, бүкіл Яһуда елі оған сыйлықтар алып келіп тұрды. Осылайша патша мол дәулет пен зор атақ-даңққа ие болды.
[6] Патша шын жүректен Жаратқан Иеге бағышталған еді. Содан ол Яһуданың биіктеу жерлеріндегі жалған тәңірлерге табыну орындарын да, Ашераға арналған ағаш бағаналарды да қиратып алып тастады.
[7] Патшалық құрған үшінші жылы Жосапат бірнеше лауазымды қызметкерлерін халыққа тәлім беру үшін Яһуда елінің қалаларына жіберді. Сол қызметкерлердің есімдері Бенхаил, Абадиях, Зәкәрия, Нетанел, Миқая еді.
[8] Патша бұларға қоса Шемаях, Нетаниях, Забадиях, Асахил, Шемирамот, Ехонатан, Адониях, Тобиях, Тоб-Адониях есімді леуіліктерді де, Әлишама мен Жорам есімді діни қызметкерлерді де жолдады.
[9] Жіберілгендер Жаратқан Иенің Таурат заңының кітабын алып, Яһуда елінде солардан тәлім бере бастады. Осылайша олар бүкіл Яһуда елін аралап, халыққа Таураттағы ережелерді үйретіп шықты.
[10] Жаратқан Иенің Өзі Яһуданың айналасындағы елдердің бәріне үрей төндіргендіктен, Жосапатпен соғысуға олардың дәті бармады.
[11] Қайта, бірсыпыра філістірлер Жосапат патшаға сыйлықтар және алым-салық ретінде күміс әкеліп, табыстап отырды. Көшпенді араб тайпалары да отарларынан жеті мың жеті жүз қошқар мен жеті мың жеті жүз серке айдап әкеліп беретін.
[12] Күш-қуаты барған сайын өсе берген Жосапат Яһудада қорғандар және азық-түлік пен қару-жарақ қорлары сақталатын қалалар салғызды.
[13] Осылайша ол Яһуданың қалаларына керек-жарақтың мол қорын жинап қойды. Оның мықты да ержүрек жасақшылары Иерусалимде тұрды.
[14] Олардың әулеттері бойынша тізімі мынау: Мыңбасылардың қарамағында Яһуда руынан шыққан үш жүз мың мықты жауынгер болды. Оларды бастайтын қолбасшы Адна еді.
[15] Одан кейінгі қолбасшы Жоханан екі жүз сексен мың сарбазды басқарды.
[16] Содан кейінгі қолбасшы: өзін Жаратқан Иеге бағыштаған Зіхри ұлы Амасиях. Ол екі жүз мың мықты жауынгерге басшылық етті.
[17] Күшті де батыл қолбасшы Әлияданың қарамағында Бунямин руынан шыққан, садақ, қалқанмен қаруланған екі жүз мың сарбаз болды.
[18] Одан кейінгі қолбасшы Ехозабад соғысқа жабдықталған бір жүз сексен мың сарбазды бастады.
[19] Осылар да, патшаның бүкіл Яһуда еліндегі бекіністі қалаларда орналастырған қарауылдары да оның қызметінде тұрды.