[1] Рохабоғам Иерусалимге қайтып келген соң, (Солтүстік) Исраилге қарсы аттанып, бүкіл патшалықты өзіне қайтарып алмақ болды. Сол үшін Яһуда мен Бунямин халқынан бір жүз сексен мың таңдаулы сарбазын жинады.
[2] Бірақ Құдай Ие Өзінің таңдаған адамы Шемаяхқа сөзін арнап былай деді:
[3] «Яһуданың патшасы Сүлеймен ұлы Рохабоғамға және Яһуда мен Буняминнің жерлерінде тұратын исраилдіктерге тіл қатып былай де:
[4] Жаратқан Ие мынаны айтады: Жорыққа аттанып, өз ағайындарыңмен соғыспаңдар! Барлығың да үйлеріңе қайтыңдар! Себебі мұны істеп отырған Өзіммін!» Сонда олар Жаратқан Иенің сөздеріне құлақ асып, Еробоғамға қарсы аттанған жорықтан кері қайтты.
[5] Рохабоғам Иерусалимде тұрып, Яһуда елін қорғау үшін бірнеше қалаларда қамалдар салды.
[6] Олар: Бетлехем, Етам, Теқоя,
[7] Бет-Сұр, Соқо, Адуллам,
[8] Ғат, Мареша, Зиф,
[9] Адораим, Лахыш, Әзека,
[10] Сора, Аялон, Хеброн. Осы қамалды қалалар Яһуда мен Бунямин руларының жерінде орналасқан.
[11] Рохабоғам сол қалалардың бекіністерін күшейтіп, қолбасшыларын тағайындап, оларда азық-түлік, зәйтүн майы және шарап қорларын дайындады.
[12] Сонымен қатар ол барлық қалаларды қалқан, найзалармен жабдықтап, мықтап бекітті. Осылай Яһуда мен Бунямин рулары Рохабоғамның билігінде қалды.
[13] Исраилдің күллі аймақтарындағы діни қызметкерлер мен леуіліктер Рохабоғамды жақтады.
[14] Солтүстік Исраилдің патшасы Еробоғам мен оның ұлдары оларды Жаратқан Иеге қызмет етуден аластатты. Сондықтан көптеген леуіліктер мұралық жайылымдарын, үй-жайларын тастап, Яһуда мен Иерусалимге көшіп келді.
[15] Еробоғам жалған тәңірлердің ешкі және жас бұқа кейпіндегі мүсіндерін жасатып, солар үшін және биіктеу жерлердегі табыну орындары үшін өзінің діни қызметкерлерін тағайындады.
[16] Алайда халықтың барлық руларында Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шын жүректен бет бұрып, Оның еркін сұраған адамдар болды. Олар ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалу үшін Оған адал болып қалған леуіліктердің соңынан Иерусалимге барды.
[17] Бұлар үш жыл бойы Яһуда патшалығын күшейтіп, Сүлеймен ұлы Рохабоғамды қолдады. Олар осы кезеңде Дәуіт пен Сүлеймен іспетті Құдай жолымен жүрді.
[18] Рохабоғам Дәуіт ұлы Еримоттың қызы Махалатқа үйленді. Соның шешесі Есей ұлы Елиәбтің қызы Әбихаил еді.
[19] Махалаттан Егуш, Шәмәриях, Заһам атты үш ұл дүниеге келді.
[20] Бұдан кейін Рохабоғам Абессаломның (немере) қызы Махаға үйленіп, одан Абиях, Аттай, Зиза, Шеломит есімді төрт ұл сүйді.
[21] Рохабоғам Маханы өзінің басқа әйелдері мен кәнизактарына қарағанда көбірек ұнатты. Рохабоғамның жалпы он сегіз әйелі, алпыс кәнизагы болды, солардан жиырма сегіз ұл, алпыс қыз көрді.
[22] Патша Махадан туған ұлы Абияхты патшазадалардың басшысы етіп, оны өзінің орнын басатын патша болуға тағайындады.
[23] Рохабоғам көрегендікпен әрекет етіп, өзге ұлдарын Яһуда мен Буняминнің күллі аймақтарына және барлық бекітілген қалаларға орналастырды. Оларды керек-жарағымен молынан қамтамасыз етіп, бірнеше әйел алуларына жағдай жасады.