Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:21

[1] Самуил жасы ұлғайып, қартайған шағында өзінің ұлдарын исраилдіктердің билері етіп қойды.

[2] Тұңғышының аты Жоел, кенжесінің аты Абиях еді. Олар Бер-Шебада билік айтатын.

[3] Алайда ұлдары Самуил сияқты тура жолмен жүрмеді. Олар пайдакүнемдікке салынып, пара алып, шындықты бұрмалап үкім шығаратын болды.

[4] Сонда исраилдіктердің рубасылары жиналып, Рамақ қаласына Самуилге барып,

[5] одан: «Өзіңіз білесіз, жасыңыз ұлғайды. Ал ұлдарыңыз сіздің жолыңызбен жүрмей келеді. Сондықтан басқа халықтардағыдай бізге де билік айтатын патшамызды тағайындап беріңіз», — деп өтінді.

[6] «Бізге билік айтатын патшамызды тағайындап беріңіз» деген сөздер Самуилге мүлдем ұнамады. Ол Жаратқан Иеге сиынып Оның еркін сұрады.

[7] Сонда Жаратқан Ие оған мынадай жауап берді: «Халықтың айтқандарының бәріне көн. Олар сенен емес, Менен бас тартып, өздеріне патшалық етуіме қарсы шығып тұр.

[8] Мен оларды Мысырдан алып шыққаннан бері Маған адал болмай, бөтен тәңірлерге құлшылық етіп келгендері сияқты, енді саған да солай істеп отыр.

[9] Сонымен, айтқандарына құлақ ас. Бірақ үстерінен билік құратын патшаның еркін оларға мықтап білдірт!»

[10] Самуил Жаратқан Иенің барлық сөздерін өзінен патша тағайындауды сұрап отырған халыққа жеткізіп,

[11] былай деді: — Сендерді басқаратын патшаның мынадай құқықтары болады: патша сендердің ұлдарыңды алып, өзінің соғыс күймелері мен аттарын қаратып қояды. Олар күймелердің алдында жүгіріп отыратын да болады.

[12] Патша ұлдарыңның кейбіреулерін өз жасағына мыңбасылар мен елубасылар етіп тағайындайды, ал басқаларына өзінің жерлерін өңдетіп, егінін орғызып, қару-жарақтар мен соғыс күймелерінің жабдығын жасатып қояды.

[13] Патша қыздарыңды сарайына иісмай жасаушы, аспазшы не наубайшы етіп алып кетеді.

[14] Патша сендердің ең жақсы егіндіктеріңді, жүзімдіктеріңді, зәйтүн бақтарыңды тартып алып, өз нөкерлеріне үлестіріп береді.

[15] Ол, сондай-ақ, өздеріңнің егіндіктерің мен жүзім бақтарыңнан жинаған өнімдеріңнің он бөлігінің бірін алып, уәзірлері мен басқа да қызметкерлеріне табыстайды.

[16] Ол ең жақсы құл-күңдеріңді, мүйізді ірі қараларың мен есектеріңді алып, өз жұмысына салады.

[17] Соның үстіне ұсақ малдарыңның он бөлігінің бірін де патшаға алым-салыққа беріп, ақырында өздерің оның құлы болып шыға келесіңдер.

[18] Осы сөздерім жүзеге асқанда, өздерің тілеп алған патшаларыңнан құтқаруды сұрап жалбарынасыңдар. Бірақ Жаратқан Ие сол кезде өтініштеріңе құлақ салмайтын болады!

[19] Алайда халық Самуилдің айтқандарын тыңдағысы келмей: — Жоқ, өз патшамыз болсын!

[20] Сонда біз де басқа халықтар сияқты боламыз. Патшамыз бізге билік жүргізіп, алдымызда бізді бастап жүріп, соғыстарымызды жүргізетін болады, — деп тұрып алды.

[21] Самуил халықтың күллі сөздерін тыңдағаннан кейін, Жаратқан Иеге сиынып бәрін айтып берді.

[22] Жаратқан Иенің жауабы мынау болды: «Халықтың айтқанына көніп, патшасын тағайындап бер!» — Сонда Самуил оларды: — Әзірше өз қалаларыңа бара беріңдер, — деп қайтарып жіберді.

Патшалықтар 1-ж — Chapters